Нұр-Сұлтанда түрмеден шыққандарға ақшалай көмек көрсетілмек
Төлемді алу үшін 6 айдың ішінде өтініш беру қажет
Елорданың әкімдігі түрмеде жазасын өтеп шыққан азаматтарға 47 700 теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетуді жоспарлап отыр. Бұл туралы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Құрметті депутаттар, назарларыңызға жекелеген санатқа жататын азаматтарды әлеуметтік көмекпен қамту туралы жобаға өзгеріс енгізу ұсынылып отыр. Атап айтқанда, әскери ардагерлерге берілетін біржолғы әлеуметтік төлемнің көлемін 20 АЕК-тен 35 АЕК-ке (1 АЕК – 3180 теңге) арттыру. Аталған әлеуметтік шара 800 адамға қатысты. Сонымен қатар алғаш рет түрмеден босап шыққан азаматтарға 15 АЕК көлемінде біржолғы төлем беруді ұсынып отырмыз, – деді Илья Скуб.
Оның айтуынша, біржолғы төлемді алу үшін түрмеден шыққан соң 6 айдың ішінде өтініш берілуге тиіс.
Азаматтарды әлеуметтік көмекпен қамтуға қатысты ұсынылған жоба Қазақстан Республикасының заңнамаларына қайшы емес. Сол сияқты құқықтық актілерге қойылған талаптарға сәйкес келеді. Жобаға енгізілген өзгерістерді қолдауды сұраймыз, – деді Скуб.
Тағы оқи отырыңыз: СҚО түрмесінде жазасын өтеп жатқан 34 жастағы әйелге соңғы қоңырау соғылды.