×

Ақмола облысында жолда адасқан отбасын іздеген құтқарушыны үсік шалған

Нөлдік көріну салдарынан ол далада адасып қалғандарды жаяу іздеген

 Динара Амантай 11.01.2024 | 10:52
Фото: видеодан скриншот

Ақмолалық құтқарушылар боранды күні 3 адамнан тұратын отбасын іздестірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Облыстық ТЖД-ның мәліметінше, аталмыш оқиға кеше кешке Ерейментау ауданында болған. Еркіншілік ауылының тұрғындары ұлын жоспарлы тексеруден өткізу үшін аудан орталығына бармақ болған. Салонда қолы сынған бала, жүкті анасы мен көлікті жүргізген әкесі болған. Бір сәтте көлік «Ерейментау-Торғай» бағытынан бұрылып кеткен. Ер адам су әкелмек болып, адасып кеткен. Далада желдің жылдамдығы – секундына 30 метр, көріну – нөлге тең. Жолдасын ұзақ күткен әйел жедел жәрдем мен құтқарушылардың көмегіне жүгінген.

Ерейментау ауданының ТЖБ бастығы Амангелді Доскенов көмекке мұқтаж жандардың хабарламасын алып, дереу «Трэкол» маркалы көлікпен жолға шыққан. Алайда нөлдік көріну салдарынан құтқарушыларға далада адасып қалғандарды жаяу іздеуге тура келеді.

Өзін жеңіл үсік шалғанмен, бөлім бастығы іздеуді тоқтатпаған. Жүкті әйел мен баласы бар көлікті нөлдік көріну жағдайында әзер тапқан. Қай жерде тұрғандарын әріптестеріне айтып, жол талғамайтын көлікке қарай жаяу бет алған. Анасы мен баласы құтқарушылардың көлігімен жедел жәрдем қызметкерлеріне жеткізілді. Сонымен қатар, үйдің отағасы жақын маңдағы блок-бекетке аман-есен жеткен.

Құтқарылғандардың өмірі мен іштегі балаға қауіп төнген жоқ.

Ақмола облысының ТЖД метеорологиялық жағдайлар нашарлаған жағдайда ұзақ сапарларға автокөлікпен шығудан бас тартуды сұрайды. Елді мекендерден тыс сапарды жоспарлау кезінде синоптиктердің болжамын тыңдап, құтқару қызметінің SMS хабарламаларын назарға алу сұралады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама