Halyq Uni логотип
×

Бір адам елден шығарылды: соттар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қандай шешім қабылдайды?

Былтыр 45 мыңнан аса әкімшілік іс сотта қаралған

 Айгерім Таубай 11.01.2024 | 11:30
Бір адам елден шығарылды: соттар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қандай шешім қабылдайды?
коллаж: Halyq Uni

Елімізде соттар 2023 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 47 мыңнан астам істі қарады. Оның ішінде 45 767 әкімшілік іс тіркеліп, сотта қаралған.

Жоғарғы сот ұсынған ақпаратқа сәйкес, ең көп іс Астана қаласы (4 368 жағдай), Қостанай облысы (4 014 жағдай) және Шығыс Қазақстан облысында (3 568 іс) тіркелген.

Ресми ақпарат бойынша 24 985 іс бойынша әкімшілік іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы шығарылған. 24 147 істе әкімшілік жауапкершіліктен босату туралы қаулы шыққан.

Әкімшілік жазаның негізгі шараларына келсек, 10 мыңнан аса істе ескерту жасалған, 276 адамға әкімшілік айыппұл салынған. 10 мыңнан аса іс бойынша абьюзер қамауға алынған.

Шымкентте шетел азаматы немесе азаматтығы жоқ бір адамға елден шығару шарасы қолданылды, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған 32 адамға жеке тұрғын үйде тұруға тыйым салынды.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы күресу үшін арнайы бөлімше құрылатыны хабарланды

2023 жылдың 9 қарашасында Астана мейрамханаларының бірінде қайғылы жағдай болып, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова қайтыс болды. Сол оқиғадан кейін Бишімбаев қамауға алынды.

Астана полиция департаменті әйелді өлтіру фактісі бойынша тергеу қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі («кісі өлтіру») бойынша жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Салтанат Нүкенованың қазасына байланысты арнайы тапсырма берді. Президент бұл жағдайды қатаң бақылауға алып, Әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсету фактілерінің жолын кесуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, заң мен тәртіп қағидаты Қазақстан қоғамының идеологиялық және саяси темірқазығына айналуға тиіс. Қазіргі қалыптасқан жағдай көшедегі мәдениетсіздіктен бастап, төбелес, ұрлық, кісі өлтіруге дейінгі құқықбұзушылықтың барлық түріне ымырасыз қарсы тұруды талап етеді.

Президент осындай келеңсіздіктермен тұтас қоғам болып күресу керек деп санайды. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама