×

Елімізге Ресей мен Қытайдан келетін туристер көбейді

Өткен жылдың қаңтар мен қыркүйек айлары аралығында елімізге 834,9 мың шетелдік келген

 Дастан Жұмабекұлы 09.01.2024 | 11:21
Фото: Кирилл Ясько

Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, өткен жылдың қаңтар мен қыркүйек айлары аралығында елімізге 834,9 мың шетелдік турист саяхаттаған. Бұл – 2022 жылғы көрсеткішке қарағанда, 225 мың адамға көп. Яғни, өсім 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 37% артқан. 2022 жылы елімізге 609,8 мың шетелдік келген.

Статистикаға қарағанда, елімізге саяхаттайтын шетелдік туристер жыл санап артып келеді. Мәселен, Қазақстанға жақын көршілерімізден бөлек, мұхиттың арғы бетіндегі мемлекеттердің де саяхташылары көптеп келе бастады.

Жыл сайын шетелдік туристердің Қазақстанға деген қызығушылығы арта бастағанын байқап отырмыз. Мәселен, 2022 жылы елімізге 900 мыңнан аса шетелдік саяхатшы, ал өткен жылдың 9 айында 800 мыңнан аса шетелдік қонақ келген. Биыл бұл көрсеткіш бұдан да көбейе түседі деген сенімдеміз. Өйткені елімізде шетелдіктерді таңқалдыратын, сұлулығымен өзіне тартатын, көрсе көз тоятын көрікті жерлер, табиғат сый етіп берген сұлу мекендер аз емес. Сонымен қатар министрлік байтақ жерімізге табаны тиген әрбір саяхатшыға ұмытылмас әсер қалдыру үшін жұмыс істеп жатыр, – деді Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев.

Оның айтуынша, 2023 жылдың алғашқы 9 айында Ресей Федерациясынан ең көп турист келген. Былтырғы қаңтар мен қыркүйек аралығында Қазақстанға 356 850 ресейлік саяхаттаған. Екінші орында Қытай туристері тұр. Шығыстағы көршімізден елімізге 75 131 адам келіп-кеткен. Ал үшінші сатыға Түркия туристері тұрақтады. Анадолы елінен 41 134 турист келген. Сондай-ақ үздік бестіктің қатарында Үндістан (34 757) және АҚШ (28 160) саяхатшылары бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама