Майқайың кенішіндегі апат: полиция қылмыстық іс қозғады
Қайғылы оқиғадан 2 құтқарушы көз жұмды
«Майқайың-алтын» АҚ-ға тиесілі шахтада болған апатқа байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады Павлодар облысы ПД баспасөз қызметі.
Полиция тіркелген дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 277-бабы 3-бөлігі бойынша («2 немесе одан да көп адамның абайсызда қайтыс болуына әкеп соққан тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзу») сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Тәжірибелі тергеушілер қатарынан арнайы жедел тергеу тобы құрылды. Тергеу Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында, – деді облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Рашад Өтеуов.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, басқа ақпарат жарияланбайды.
Еске сала кетсек, кеше Павлодар облысында құтқарушылар отырған автобус кенішке құлап кеткен еді. Содан кейін 2 құтқарушының денесі табылды. Қалған 2 адам әлі іздестіріліп жатыр.
Сондай-ақ бүгін Майқайың шахтасында апатқа ұшырағандардың отбасыларына 4,5 млн теңгеден төленетіні белгілі болды.