БҒМ дипломдық жұмыстардың көлеңкелі нарығымен күреспек
Министр кейбір оқу орындарының білім сапасын сынады
Білім және ғылым министрлігі дипломдық жобаларға қойылатын талаптарға қатысты заңға өзгеріс енгізу мәселесін қарап жатыр. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ведомствода өткен аппараттық жиналыста мәлімдеді.
Дипломдық жұмыстардың жыл сайын қайталанатыны ешкімге жасырын емес. Бізде дипломдық жұмыстар мен жобаларды әзірлейтін көлеңкелі нарық бар. Олардың бәрі бірдей. Аталған мәселені шешу және алдын алу мақсатында біз заңға өзгерістер енгізу бастамасын көтеріп отырмыз, – деді Асхат Аймағамбетов.
Сонымен бірге ол кейбір педагогикалық жоғары оқу орындары білім сапасын арттыру бағытында ешқандай жұмыс жүргізбегенін айтып, аталмыш ЖОО түлектерінің ұлттық біліктілік тестілеуі бойынша көрсеткен нашар нәтижелерін сынады.
Тестілеудің нәтижелері, өкінішке орай, көңіл көншітпейді. Өткен жылдың қорытындылары белгілі бір университеттерге сабақ бола алмады. Осыған байланысты қазақстандықтар қай университетте сапалы білім бар, қайсысында жоқ екенін білуі керек. Сапаны қамтамасыз ету үшін нақты жұмыстар жүргізілуге тиіс, – деді министр.
Жиналыста көрсетілген құжатқа сәйкес, тестілеуден ең төменгі орташа баллды келесі ЖОО-ның түлектері жинады:
«Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті – 35 балл;
Академик Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті – 36 балл;
«Сырдария» университеті – 37 балл.
Сонымен бірге Ұлттық біліктілік тестілеуіне төменгі оқу орындарының түлектері аз қатысады:
Қазақ-Орыс халықаралық университеті – 12%;
Халықаралық Тараз инновациялық университеті – 21%;
Қызылорда «Болашақ» университеті – 25%.
Еске сала кетсек, бұған дейін министр мектеп асханаларының жұмысын сынағанын жазған болатынбыз.