×

«Өнімдері 50-70%-ға қымбат»: Аймағамбетов мектеп асханаларының жұмысын сынады

Министрлікте арнайы жұмыс тобы құрылатын болды

 Динара Амантай 24.05.2022 | 09:40
Фото: 161-zhanakorgan.mektebi.kz

Мектеп асханаларының жұмысына байланысты бақылауға алынатын және нормативтік құқықтық актілер деңгейінде шешілетін бірнеше проблема бар. Бұл туралы Асхат Аймағамбетов өзінің telegram-дағы парақшасында жазды.

Білім және ғылым министрі өңірлердегі мектептерді аралау кезінде ол жердегі мектеп асханаларының жұмысы өзекті мәселе екеніне назар аударған. Министрліктің мектептер, колледждер және балабақшаларды басқару бөлігінде құзыреті жоқ. Оларды қаржыландыру, жұмысын ұйымдастыру және оны жүзеге асыру, басшыларды тағайындау және босату сияқты жұмыстың барлығы заңмен әкімдіктерге бекітілген. Сондықтан бұл бағытта министрлік тарапынан да бақылаудың маңыздылығын атап өтіп, шешілмей жатқан бірнеше мәселелердің бетін ашты.

Ең әуелі асханаларда қолма-қол ақшасыз төлем жүйесін енгізу талабы бекітілген. Бұл гигиенаның сақталуына әрі кезектің тез жылжуына көмектеседі. Сондай-ақ балаларда қолма-қол ақшаның болмауы оларды қауіптерден сақтайды. Ата-аналарға да шығындарды бақылау оңайырақ болады. Алайда министр көп мектептерде қолма-қол ақшасыз төлем жүйелері өшіріліп, пайдаланылмайтынын атап өтті.

Екіншіден, буфет өнімдерінің құны дүкендердегі өнімдердің құнынан 50-70%-ға дейін қымбатырақ болады. Министр осыған байланысты мәселе туындағанын айтты.

Үшіншіден, кейбір өңірлер асханаларды МЖӘ (мемлекеттік-жекеменшік әріптестік) арқылы жеке кәсіпкерлерге беріп жүр. Бірақ кейде бұл конкурсты өткізбеу және асхананы кәсіпкерге тікелей 10-15 жылға беру үшін жасалады. Министр жеке қаржылық бастама (ЖҚБ) бойынша емес, конкурс өткізілу керек деп санайтынын айта отырып, кәсіпкерлерге салынатын салым сомасы аз мөлшерде. Мысалы, 5-7 млн теңге емес, тиісті көлемде болуы маңызды екенін атап өтті. Бұған қоса жұмысты ақылға қонымды мерзімдерге белгілеген жөн екендігін нақтылады.

Сонымен қатар, министр мектеп асханаларында Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен тыйым салынған өнімдерді сату (мысалы, фастфуд, газдалған сусындар, чипсы және т.б.) мәселесі бірнеше өңірлік мектептерде, соның ішінде Түркістан облысында жиі кездескенін мәлімдеді. Мұндай фактілер анықталған жағдайда дереу СЭС органдарына хабарласу қажеттігін айтты.

Министрлікте осы проблемаларды нормативтік деңгейде шешу үшін жұмыс тобы құрылды. Біз заңнамаға бірқатар толықтыру енгізуге бастама жасадық, олардың шеңберінде арнайы нормалар бекітіледі, – деді Аймағамбетов.

Бұл нормалар – асханалардағы буфет өнімдерінің бағасын реттеу, ашық конкурстар және ақылға қонымды кезеңге МЖӘ арқылы асханаларды беру, қолма-қол ақшасыз төлемді және тамақтанудың тиісті сапасын қамтамасыз ету.

Сонымен бірге Асхат Аймағамбетов балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау әрқашан бірінші орында тұрады деп түйіндеді сөзін.

Министрлік аталған бағыттар бойынша жұмысты жалғастыратын болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама