×

Газа секторында 21 мыңға жуық адам қаза тапты

Бұл соғыс ұзаққа созылады. Жақын арада аяқталмайды, – деді Беньямин Нетаньяху

 Дастан Жұмабекұлы 28.12.2023 | 11:11
Фото: aa.com.tr

7 қазаннан бері Израиль мен ХАМАС ұйымы арасындағы соғыстан кем дегенде 20 915 Палестина азаматы қаза тауып, 54 918 адам жарақат алды.

Бұл туралы Газада орналасқан Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Ашраф әл-Кедра айтты.

Оның айтуынша, соңғы тәулікте Израиль армиясының Газа секторындағы әуе және жердегі 18 операциясы кезінде 241 палестиналық қаза тауып, 382 адам жараланған.

Ашраф әл-Кедра халықаралық ұйымдарды Газадағы ауруханалар мен медициналық қызметкерлерді, сондай-ақ ондағы жаралылар, науқастар мен босқындарды қорғауға көмектесуге шақырды.

Сонымен бірге ол халықаралық қауымдастыққа Газадағы мыңдаған жаралылар мен науқастарды шұғыл қажетті дәрі-дәрмек пен жанар-жағармаймен қамтамасыз ету керектігін айтты.

Ал Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху 25 желтоқсанда «Ликуд» партиясының мүшелері алдында сөйлеген сөзінде алдағы күндері Израиль армиясының Газа секторындағы ХАМАС қозғалысының позицияларына қарсы шабуылдарын күшейтетінін мәлімдеді.

Бұған дейін Нетаньяху Газа секторының солтүстігіндегі Израиль қорғаныс күштерінің (IDF) позицияларында болып, олардың қолбасшыларымен сөйлескен болатын.

Олардың барлығы (израильдік әскерилер, - ред.) менен соңына дейін соғысуды сұрады. Сондықтан әскердің өтінішін ескеріп, шабуылдауды одан әрі жалғастырып, күшейтеміз. Бұл соғыс ұзаққа созылады. Жақын арада аяқталмайды, – деді ол.

Дәл осы күні Израиль Парламентінде сөйлеген сөзінде Нетаньяху ХАМАС ұйымына әскери қысымды күшейтпейінше, кепілге алынғандарды босату мүмкін емес деп мәлімдеді. Бұған жауап ретінде залда отырған израильдік кепілге алынғандардың туыстары айғайлап, жақындарын қалай болса да босату үшін шұғыл шаралар қолдануды талап етті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама