Оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр
26 желтоқсанда таңертең Қостанай облысында қарлы боран кезінде жоғалып кеткен 56 жастағы әйел мен оның 11 жастағы немересінің мәйіттері табылды.
Мұз боп қатқан мәйіттер марқұмдар тұратын ауыл маңынан табылды, - деп хабарлады Қостанай облысы ПД криминалдық полиция басқармасы іздеу бөлімінің басшысы Тілеуберді Нұрахметов.
Оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
1965 жылы туған әйел мен қыз бала Степной ауылынан тас жолға қарай бет алып, жолшыбай көлікпен Тобыл қаласына жетуді көздеген. Оларды полиция, құтқарушылар, еріктілер іздестірді, сонымен қатар бүгін кинологтар да жұмылдырылған.
Қостанайда екі күннен бері боран соғып тұр. Облыста 114 елді мекен жарықсыз қалды, мектеп оқушылары қашықтықтан оқытуға көшті. 26 желтоқсанда түс ауа қатарынан 10 көлік соқтығысып қалды.
Жалпы, өңірдегі Қостомар ауылында шопан және Ұзынкөл ауданында көлден екі балықшы құтқарылды. Сондай-ақ тасжолдарда 24 адам құтқарылып, 35 адам эвакуацияланды, 300-ден астам жолаушы жылыну орындарына орналастырылды.