Астанада криптовалютаны ақшаға заңсыз айырбастаған тұрғын ұсталды
Ол цифрлық активтерді сату-сатып алу туралы әлеуметтік желіде хабарлаған
Елорда тұрғыны Telegram мессенджерінде цифрлық активтерді заңсыз ақшалай сыйақыға айырбастау қызметін ұйымдастырған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қаржылық мониторинг агенттігінің астаналық департаменті аса ірі көлемдегі цифрлық активтерді айырбастау саласындағы заңсыз кәсіпкерлік қызметке қатысты қылмыстық істі аяқтады.
Аталған азаматтың Қазақстан аумағында кепілдендірілген цифрлық активтерді сату/сатып алу туралы мессенджер арқылы хабарландыру жіберіп, крипто айырбастау қызметін ұсынғаны анықталды. Осы әрекеттерімен ол жеке тұлғаларға, оның ішінде резидент еместерге Қазақстандағы кез келген қамтамасыз етілген еркін айырбасталатын валютаға қамтамасыз етілмеген электронды цифрлық активтерді сатып алу мүмкіндігін ұсынды, – деді ҚМА ресми өкілі Әлібек Әбділов.
Биылғы ақпан-шілде аралығында айырбастау пункті қызметін атқара отырып, ол 342 млн теңгеден астам сомаға USDT криптовалютасын қолма-қол ақшаға сатқан.
ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге деректері тергеу мүддесі аясында жария етуге жатпайды.
Агенттік Қазақстан аумағында заңды тұлғасыз және лицензиясыз айырбастау операцияларын іске асыруға тыйым салынғанын ескертеді.