×

Ат спортына қатысты екі мамандық ашылады: Ұлттық спорт қауымдастығы жылды қорытындылады

Мамандар күн тәртібіндегі 4 мәселені қарады

 Ербол Тұрымбет 20.12.2023 | 18:03
Фото: Halyq Uni / Жансерік Күзембай

Ұлттық спорт қауымдастығы жылды қортындылап, республиканың әр өңірінен федерация басшылары мен өкілдері келіп, күн тәртібіндегі 4 мәселені қарады. Бірі – көкпардан жастар лигасы (JKL), екінші – ат спортының ережесі. Әрбір спорттың ережесі болады, біоақ Қазақстанда нақты ат спорты түрлерінің бекітілген, түсініктемесі бар ережесі жасалмаған. Бүгінде ол «Ат спортының жалпы ережесі» болып жоба ретінде жазылып, қауымдастыққа мүше федерациялардың талқысына ұсынылып отыр.

Сондай-ақ, ұлттық спорт мектептерінің бағдарламасы жоқ. Қазір сол бағдарламаның стандарттары жазылып жатыр. Онда әрбір мектепте қанша сағат, қандай бағдарлама болатыны, не үйрететіні және тағы сол сияқты мәселелер жазылады. Ол тиісті талдаудан өткеннен кейін министрлікке ұсынылып, бекітілмек.

Төртінші мәселе – ат спорты мамандарын дайындайтын ЖОО немесе орталықтың жоқтығы.

Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Есентаевтың айтуынша, осы мәселелерге қатысты айтатын бірнеше жағдай бар. Біріншіден, бүгінде ат спорты мамандарының орнына білім ошақтарында дене тәрбиесі мұғалімдері жұмыс істеп жүр.

Одан бөлек, ұлттық спорт түрлеріне арналған инфрақұрылым нашар. Бүгінде елімізде 44 ипподром болса, соның бірде-бірі халықаралық стандартқа сай емес. Үшіншіден, спорт индустриясы – ат индустриясы жоқ. Қостанай жылқысы жойылып кетудің алдында тұр.

Дегенмен, Тастанбек Есентаев бір жыл ішінде қауымдастықтың атқарған қыруар жұмысын атап өтті.

Сенат депутаттары шілдеден бастап бір жарым ай ішінде заң жобасын әзірлеп, бүгінде Мәжіліске түсірді. Оның ішінде Қостанай жылқысына субсидия бөлу, басын көбейту, ғылыми зерттеулер жүргізу, тұқымын асылдандыру мәселелері қарастырылған.

Қостанай жылқысына арнап бөлек турнир ұйымдастырылды, оның қаражатын екі есе арттырды, көкпар да биыл өз регламентімен өтті. «Аударыспақ» Дүниежүзілік федерация болып ашылып, атауы «Ат үстіндегі күрес» болып өзгерді. Енді барлық мемлекет бұл спорт түрін бір атау – бір ережемен дамытады, - дейді ол.

Тастанбек Құтжанұлы дәстүрлі садақ ату жайында айтып, «Мергендер мекені» деген жоба басталғанын атап өтті.

Одан бөлек, Қазақстанда 200 мыңнан астам бала «тоғызқұмалақ» ойнайды. Оған қоса, 20 мемлекетте өкілдері бар. Жыл сайын әлем чемпионаты өтеді.

Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті білім стандартына сәйкес, 4 ай ішінде ЖОО-ларда ат спорты мамандарын дайындау үшін екі оқулық бағдарлама жазылып біткенін айтты.

Қауымдастықтың мұрындық болуымен, 2024 жылы Спорт және туризм академиясындағы ұлттық спорт кафедрасында «Ат спортының жаттықтырушысы» деген мамандық ашылады. Екіншісі, сол Алматыдағы Ұлттық аграрлық зерттеу университетінде алдағы жылы «Ат спортының ветеринары» деген мамандық ашылады.

Тастанбек Есентаев көкпардан жастар лигасы (JKL) жобасының қауымдастыққа қандай тәртіппен кіретіні әлі нақтыланбай отырғанын жеткізді. Себебі, қазандықтың болу-болмауына қатысты жаңа жоба мен дәстүрлі көкпаршылар пікірі екіге жарылып тұр. Жоба авторлары 2016 жылдан бері қазандықтың атқа да, шабандозға да зиян келтірмейтіндей етіп жасауды ұсынып келе жатыр екен.

Ал Қарағанды облысы көкпар федерациясының басшысы Нұржан Шайхин ұлттық ат спорты мектептерін дамытудың жаңа жолын ұсынады. Оның айтуынша, қазір әр облыста бір-ақ ұлттық ат спорты мектебі бар.

«Мысалы, Қарағанды облысындағы ұлттық спорт мектебінде 22 ат, бірақ спорттың 9 түрі бар. Оның ішінде бесеуі ат спортымен айналысады. Әрқайсына 5-6 ат керек. Оған қоса бес жаттықтырушы бар. Бесеуі жеке-жеке бірнеше топтан жаттықтырады. Әр топқа бес аттан берсеңіз, шамамен 20 бала келсе, бәрі кезектесіп мінуге мәжбүр. Ат жетпейді. Ол үшін база үлкен болу керек, ал қазір ат тұрақтайтын жер кішкентай. Біз Қарағандыда жаңа ипподром салып, мәселені шешуге талпынып жатқанымызбен, бүкіл республикада жағдай әртүрлі», - дейді ол.

Федерация өкілінің айтуынша, ат спортының әрқайсына жеке-жеке аттар керек. Көкпардың өзіне бір дайындық үшін 35 ат болғаны абзал. Ал 5 жаттықтырушы болса, демек 150-ден астам ат қажет.

Сарапшылар мәселенің шешімі ретінде атты жалға алу дәстүрін қалыптастыруды ұсынып отыр. Себебі, жылқы додалардың бірінде жарақат алып, жарамсыз болып қалуы мүмкін. Ал жалға алынса, ат ұстайтын азаматтарға да, мектеп үшін де оңтайлы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама