Мамандар қолайсыз ауа райында жолға шықпауға кеңес береді
Еңбекшіқазақ ауданында қар құрсауында қалған тұрғындар құтқарылды, деп хабарлады Алматы облысы ТЖД.
Биыл 15 желтоқсанда сағат 09:22-де облыстық ТЖД кезекші бөліміне Қаражота ауылынан 15 шақырым жерде қар құрсауында бір жүк көлігі және бір автомобиль тұрып қалғаны туралы ақпарат түсті. Оның ішінде 1982, 1968, 1985 жылы туған 3 ер адам болған, - деп жазылған хабарламада.
Тұрғындарды құтқаруға басқарманың 4 қызметкері мен ТРЭКОЛ жол талғамайтын көлігі шықты. Олар оқиға орнына барғанда адамдардың ең жақын орналасқан шаруа қожалығына жаяу барғанын білген.
Сол күні сағат 15:00-де 1982 жылы туған ер адам Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылына эвакуацияланды, ал шаруа қожалығында қалған 2 адамға тамақ жеткізілді. Оларға медициналық көмек керек болмады.
Алматы облысы Төтенше жағдайлар басқармасы қазақстандықтарға ауа райы қолайсыздығын тыс қалдырмауға және қыста ТЖД-дан SMS алған кезде алыс жолға шықпауға кеңес береді.
Бұған дейін Жамбыл облысында 5 мың адам құтқарылған хабарланған еді.