Украина санкция салған қазақстандық кәсіпорын Калашников автоматы өндірісін тоқтатқан
Қару Ақмола облысында шығарылған
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Азамат Бейісбеков елімізде Калашников автоматының өндірісі неге тоқтағанын түсіндірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сенаттың жалпы отырысынан соң журналистердің бірі министрдің орынбасарына «Бір жылдары Қазақстанда АК-74 автоматы шығарылады деген ақпарат жарияланған еді. Бұл қарудың өндірісі жолға қойылды ма?» деп сұрақ қойды.
Азамат Бейісбеков бүгінде бұл қаруға сұраныс төмен екенін жеткізді.
Ақмола облысындағы «Тыныс» кәсіпорны автомат өндірісімен айналысты. Сіз айтқан өндіріс сол жерде ұйымдастырылды. Бірақ қазір өнім белсенді шығарылып жатқан жоқ. Себебі, нарық пен қажеттілік шектеулі... Елімізде қару-жарақ экспортына шектеу қойылған. Сондықтан қазір өндіріс уақытша тоқтатылды, - деді вице-министр.
Еске салайық, 2023 жылдың шілдесінде Украина билігі 192 адам және 291 компанияға санкция салды. Киев санциясына іліккендер арасында екі қазақстандық компания да бар. Олардың бірі – «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясының құрамында болған «Тыныс» кәсіпорыны, ал екіншісі - ресейлік ИТС компаниясының Қазақстандағы филиалы.
«Тыныс» АҚ Ресей мен Беларуське арнайы қорғаныс киімдерін сатты деген себеппен Киев санкциясына ілікті деген хабар тарады.
Айта кетейік, «Тыныс» АҚ 2003 жылдан бері «Қазақстан инжиниринг» компаниясына тиесілі болған. 2012 жылдан бастап Қорғаныс министрлігіне, Ұлттық ұланға арнап оқ өткізбейтін кеудеше, соққы тойтаратын қалқан жеткізіп беріп отырған.