×

Аязда жолда қалған адамдар құтқарылды (ВИДЕО)

Өрт сөндірушілер отбасылардың өмірін ажалдан арашалап қалды

 Дастан Жұмабекұлы 13.12.2023 | 10:46
Фото: Төтенше жағдайлар министрлігі

Төтенше жағдайлар министрлігі мен оның облыс, қаладағы департамент пен басқармаларының құтқарушылары еліміздің жер-жерінде аязды күні жолда қалған, үйлерінен өрт шыққан адамдарды құтқарды.

Алматы облысында қарлы боранда бір отар қойы бар екі шопан құтқарылды. Олар Жамбыл облысында жоғалып кеткен еді. Құтқарушылардың үйлесімді жұмысының арқасында 1982 және 1984 жылы туған екі ер адам ажалдан аман қалды.

Іздестіру жұмыстары қатты жел, қарлы боран және аяз кезінде болды. Одан басқа, Ақтөбе-Астрахань тас жолының 197-шақырымында екі жолаушы ажалдан аман қалды. Олардың жүк автокөлігі бұзылып, жолда қалған болатын. Құтқарушылар дер кезінде көмекке келіп, екеуінің өмірін сақтап қалды. Мұндай жағдай Әйтеке би ауданында да болды. Құтқарушылар көліктері Ақтөбе-Астрахань тас жолының 275-шақырымында тұрып қалған екі адамға көмекке келді. Құтқарушылар Қырғызстанның азаматтарын құтқарды. Осы екі оқиғадан кейін Ақтөбе облысының ТЖД азаматтарға тағы да ескерту жасады.

Қолайсыз ауа-райында және тәуліктің қараңғы уақытында жетуі қиын жерге бармаңыздар. Қала сыртына баратын болсаңыз, жолдардың жай-күйі туралы «Дармен» мобильді қосымшасынан білуге болады, – деп хабарлады.

11 желтоқсанда ТЖД қызметкерлері тағы да адамды құтқаруға шықты. Олар Қарақия ауданының Құрық-Ақтау тас жолынан шамамен 23-25 шақырым жерде қарға батып қалған автокөліктен  7 адамды, оның ішінде 5 баланы құтқарды.

Апаттық құтқару жұмыстарына №7 өрт сөндіру бөлімінің 5 қызметкері мен 1 техника жұмылдырылды.

Қазір еліміздің жер-жерінде аяздың кесірінен көліктердің өртеніп жатқаны туралы да ақпарат бар.  Жалпы, жыл басынан бері елімізде автокөліктерден 2 014 өрт шыққан. ТЖМ көлікте өрттің шықпауы үшін азаматтарды өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырады.

Өрт сөндірушілер Астана, Көкшетау қалалары мен Жамбыл облыстарында да адамдарды тілсіз жаудан құтқарды. Астанада 17 адам құтқарылды. Сембинов көшесінде №7 үйдің жертөлесінен өрт шыққан. Бұл үй «Хан-Тәңірі» тұрғын үй кешені деп аталады. Онда жертөленің 30 шаршы метрі өртеніп, 9 қабатқа дейінгі кабельдік шахтаның жанып жатқаны анықталды. Өрт сөндірушілердің жедел және үйлесімді іс-қимылдарының нәтижесінде жанып жатқан тұрғын үй кешенінен 17 адам, оның ішінде 8 бала құтқарылды.

Өткен түнде Жамбыл облысының құтқарушылары 16 азаматтың өмірін сақтаса, Алматыда жанып жатқан үйден 5 адамнан тұратын отбасы ажалдан аман қалды.  

Көкшетау қаласында бірден екі өрт сөндірілді. Бірінші өрт 20 шаршы метрлік металл контейнерде, екіншісі 3 шаршы метрлік тұрғын үйде болды.

Екі өрт те сөндірілді. Жарақат алғандар және зардап шеккендер жоқ.

Жалпы айтқанда, өткен тәулікте ТЖМ бөлімшелері дабыл бойынша 311 рет құтқаруға шығып, 147 адамның, оның ішінде 13 баланың өмірін сақтап қалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама