Еліміз қызылша ауруын жұқтырғандар саны бойынша неге «көшбасшы» атанды? - министрлік себебін түсіндірді
8 мыңнан аса бала қызылшаға қарсы екпе алмаған
Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасы Манар Смағұл «Қазақстан қызылша ауруын жұқтырғандар саны бойынша алғашқы үштікке енді» деген ақпаратты түсіндіріп, қазақстандықтарды вакцина алуға шақырды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
АҚШ Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) мәліметінше, қызылша ауруын жұқтыру бойынша Йемен (23 мыңнан аса дерек) көш басында тұр. Одан кейінгі тізімде – Үндістан (14 927 дерек) мен Қазақстан (12 985 дерек).
CDC ауруға қатысты ақпаратты биыл қарашада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан алған.
Манар Смағұл еліміздегі эпидемиологиялық жағдай күрделі екенін мойындайды. Бірақ ол бұл мәліметті дұрыс түсіну керек деген ұстанымда.
Бүгін «Қазақстан қызылша ауруын жұқтыру бойынша көшбасшы елдің бірі болды» деген мәлімет қызу талқыланып жатыр. Мен оған түсінік берейін. Әлемде қызылша жұқтырғандардың саны 2022 жылы өсе бастады. Ауру жұқтырудың ең көп дерегі Африка мен Оңтүстік-Шығыс Азия, Шығыс жерорта теңізі аумағында тіркелді. Еуропа бұл процеске кеш қосылды. Сондай-ақ былтыр қызылшаны жұқтырудың ең көп дерегі Тәжікстан, Түркия және Ресей Федерациясында тіркеле бастады. Қазақстан барлық Еуропа өңірі сияқты, процеске сәл кешігіп қосылды. Былтыр қызылшамен аурудың 4 дерегі тіркелді. Биыл ақпанда ауруды жұқтыру жағдайы тіркелді. Ал күзге таяу ауруды жұқтырудың жоғары көрсеткіші тіркеле бастады. Мұны стандартты жағдай емес деп сипаттау керек. Өйткені вакцина алып, бұл ауруға жол бермеуге болады. Жалпы ауру деңгейіне халықтың вакцинамен қамтамасыз етілуі әсер етеді, - деді ол.
Басқарма төрағасы қызылша ауруының өршуіне COVID-19 пандемиясы да әсер етті деген пікірде.
Ауруға қарсы екпе алған адамдардың саны көп болса, сырқаттанушылық деңгейі де жоғары болады. Жыл сайын Қазақстанда орташа есеппен 4 мың бала вакцина салдырмайды. Бұл шамамен дүниеге келген балалардың – 1 пайызы. Коронивирус пандемиясы әлемге де, оның ішінде еліміздегі вакцинацияға да кері әсер етті. COVID-19 пандемиясы кезінде вакцина алмаған балалардың саны сәл өсті. Бүгінде олардың саны 8 мыңнан асады. Осыны ескерсек, ауруға қарсы иммунитет қалыптаспады. Қазір ауруды жұқтырудың осындай көрсеткіші тіркеліп отыр. Сондықтан ауруды болдырмау үшін халыққа вакцина алудың маңызын түсіндіру қажет, - деді Манар Смағұл.
Сонымен қатар ол қызылшаға қарсы үндістандық вакцинаның тиімділігіне тоқталды.
Екпенің тиімділігінің тікелей көрсеткіші ретінде екпе алғандар арасында қызылша жұқтырудың тіркелуі болып саналады. Бүгінде вакцина салдырған адамдар арасында ауру жұқтырудың көрсеткіші – шамамен 3,5%. Бірақ екпе алғандар арасында ауру әлдеқайда жеңіл өтеді. Неге (қызылшаға қарсы) иммунитет қалыптаспайды? Бұл вакцина салдырған адам ағзасының өзіне тән ерекшелігіне байланысты. Сондай-ақ суық тізбек сақталмаса, иммунитет қалыптаспауы мүмкін. Жалпы екпе салдырған және салдырмағандардың арасында ауру жұқтыру дерегінің болуы вакцинаның тиімділігін көрсетеді. Яғни вакцина аурудың асқынуын болдырмайды. Қызылшаға қарсы екпе алсаңыз ауырмайсыз, ал егер инфекция жұқтырсаңыз, ауруыңыз асқынбайды, - деді басқарма төрағасы.
Бұған дейін Қазақстанда екпе алмаған балалар күн сайын қызылша ауруын көптеп жұқтырып жатқаны хабарланған еді.