Halyq Uni логотип
×

Қазақстанда алғашқы отандық ерікті көміртегі стандарты әзірленді

Аталған стандарт Дубайда өткен конференцияда таныстырылды

 Айнұр Шошаева 07.12.2023 | 21:13
Қазақстанда алғашқы отандық ерікті көміртегі стандарты әзірленді
Фото: Halyq Uni

Қазақстанда алғашқы отандық ерікті көміртегі стандарты әзірленді. Ол қазақстандықтарға көміртегі ізін есептеп, азайтуға көмектесе алады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бұл туралы «Qazaq Green» жаңартылған энергия көздері қауымдастығының 5 жылдығына орай ұйымдастырылған «Қазақстан Республикасында ЖЭК секторын дамытудың жетістіктері мен сын-тегеуріндері» атты дөңгелек үстелде белгілі болды.

Аталған стандарт қауымдастықтың бастамасымен жасалып, жақында Дубайда өткен БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясына қатысушылардың 28-ші конференциясында таныстырылды.

ҚР сауда жүйесіне кірмейтін жеке компаниялардың ESG қағидаттарына адалдығын растауға және көміртегі ізін көміртегі бірліктерімен жабуға мүмкіндігі жоқ. Qazaq Green Certificate бағдарламасы жеке және корпоративтік тұлғаларға ерікті офсеттік бірліктерді сатып алу арқылы климаттың өзгеруіне қарсы күреске үлес қосуға, сол арқылы ESG қағидаттарына адалдығын растауға мүмкіндік береді, - деді «Qazaq Green» ЖЭК қауымдастығының директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Қапенов.

Оның пікірінше, бұл стандарт еліміздің әрбір азаматына көміртегі ізін айтуға мүмкіндік береді.

Бұл стартап барлық компанияларға, Қазақстан азаматтарына көміртегі ізін азайтуға мүмкіндік береді. Мысалы, былтырғы көміртегі ізімді есептей аламын, ұшақпен қанша ұшқанымды, көмірден өндірілген электр энергиясын қанша жаққанымды, көлікпен жүру кезінде қанша бензин жұмсағанымды айта аламын. Есептегеннен кейін мен офсеттерді сатып алып, көміртегі ізін толығымен өшіре аламын, - деп толықтырды қауымдастық жетекшісі.

Айта кетейік, биыл елімізде өндірілген энергияның 5,97% жаңартылған энергия көздерінен алынды. Қазір республикада белгіленген қуаты 2 715,8 МВт болатын 141 ЖЭК объектісі (100 кВт-тан жоғары және істен шыққан объектілерді шегеруді ескере отырып) жұмыс істейді. Атап айтқанда қуаты 1 246,6 МВт болатын 55 жел электр станциясы, қуаты 1 197,83 МВт 44 күн электр станциясы, қуаты 269,605 МВт 39 гидроэлектростанция мен қуаты 1,77 МВт  3 биогаз электр станциясы бар. 2023 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша жаңартылатын энергетика объектілері өндірген электр энергиясының көлемі 4,91 млрд кВтсағ (ЖЭС – 2 575 млн. кВтсағ; КЭС – 1 571,9 млн. кВтсағ; ГЭС – 760,9 млн. кВтсағ; БиоЭС – 2,25 млн. кВтсағ) немесе электр энергиясын өндірудің жалпы көлемінің 5,97%-ын құрады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама