Алматыдағы қайғылы жағдайдан кейін хостелдердің бәрі тексеріле ме?
Алматыдағы хостелдердің бірінде болған өрт салдарынан 13 адам қаза тапты
Еске салайық, 30 қараша таңғы сағат 05:33-те Алматыдағы Ади Шәріпов көшесіндегі хостелден өрт шығып, салдарынан 13 адам қаза тапты.
Ғылым және жоғары білім министрлігі өрт салдарынан қаза тапқан 13 адамның екеуі студент екенін хабарлады. Студенттердің бірі – Каспий қоғамдық университетінің, екіншісі Еуразия технологиялық университетінің студенті.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкіметтің баспасөз орталығында журналистердің «Алматыдағы қайғылы жағдайдан кейін Қазақстандағы студенттер тұратын хостелдердің бәрі тексеріле ме?» деген сұрағына жауап берді.
Министрдің айтуынша, еліміздегі хостелдердің басым бөлігі жекенің меншігінде.
Заңда белгіленген талаптар бар. Қазақстанда жеке компанияларды тексеруге мораторий жарияланған. Әдетте, бұл хостелдердің барлығы жекенің меншігінде. Сондықтан үкіметтік комиссия шеңберінде қандай да бір шешімдер қабылданады. Мұнда заңның талаптарын қатаң сақтау керек, - деді Саясат Нұрбек.
Саясат Нұрбектің өзі мәлімдегендей, тамыз айында Ғылым және жоғары білім министрінің бұйрығыммен ЖОО ректорларына студенттерді хостелдерге орналастыру туралы тапсырма берілген. Оған қоса, министрлік хостелдерде студенттерден өзге ешкімнің тұрмауын назарға алып, құзырлы орындамен бірлесіп, хостелдерде санитарлық-тазалық жұмыстары мен өртке қарсы техникалық қауіпсіздікті күшейткен.