×

Ғылым министрі хостелдегі өрт салдарынан қаза тапқандардың арасында 2 студент барын айтты

Хостелдегі өрт салдарынан 13 адам қаза тапты

 Халық үні 30.11.2023 | 17:07
photo © Sputnik/Ертай Сарбасов

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алматыдағы хостелдердің бірінде болған өрттен қаза тапқан 13 адамның екеуі студент екенін хабарлады.

Қаза тапқан студенттердің бірі – Каспий қоғамдық университетінің, екіншісі Еуразия технологиялық университетінің студенті.

«Мұнда атап өтерлік тағы бір жағдай, тамыз айындағы менің бұйрығыммен ЖОО ректорларына студенттерді хостелдерге орналастыру туралы тапсырма берілген болатын. Оған қоса, хостелдерде студенттерден өзге ешкімнің тұрмауын біз ерекше назарға алдық және де хостелдерде құзырлы орындамен бірлесіп, санитарлық-тазалық жұмыстары мен өртке қарсы техникалық қауіпсіздікті күшейттік.

Бүгінге дейін университеттермен келісімшарт орнатқан хостелдерде ешқандай келеңсіз жағдай болмағандығын жеткізгім келеді.

Осыған байланысты Алматыдағы бірде-бір жоғары оқу орны студенттерін аталған жатақханаға орналастыруға ешқандай келісім жасалмағандығын хабарлаймыз», - деді Саясат Нұрбек.

Министрдің мәліметінше, Алматы қаласындағы жатақханалар саны – 149, төсек-орын саны – 39 145.

Былтыр республика бойынша жатақханадағы орын тапшылығы 69 мың орынды құраса, бүгінде тапшылық саны – 17 448.

Студенттік жатақханалардағы орын тапшылығын жою үшін бүгінгі таңда ЖОО 7612 төсегімен бірге 87 нысанды (қонақ үйлер мен жатақханалар) жалға алды. Бірақ университеттер келісімшартқа отырған жалға алынған нысандарға өрт қауіпсіздігі, санитарлық нормалар, камералардың, турникеттердің болуы, коменданттық сағаттың сақталуына қатысты жоғары талаптар қойылғандығын атап өтемін. Оларда жатақханамен келісімшартқа отырған университет студенттері ғана тұрады.

Студенттік омбудсмендердің қатысуымен үй-жайларды бақылау және тексеру жүйелі түрде жүргізіледі. Мемлекеттік жатақханадағыдай қауіпсіздік қамтамасыз етілген, - деді министр.

Саясат Нұрбек Ғылым және жоғары білім министрлігі ЖОО-лардың инфрақұрылымын дамыту және студенттер үшін тұруға орын тапшылығын шешу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын айтты.

  • Біріншіден, жатақхана құрылысына мемлекеттік тапсырыстардың механизмі оңтайландырылды.
  • Екіншіден, әкімдіктермен бірлесіп 2023 жылы жатақханаларды пайдалануға берудің жол карталары қабылданды.
  • Үшіншіден, инвесторлармен жұмыс істейтін жобалық кеңселер құрылды.

«Сонымен қатар, ситуациялық және дағдарыс орталықтары ашылды. Ахуалдық орталықтар студенттерге университет жатақханасындағы орындар туралы ақпарат береді, дағдарыс орталықтары форс-мажорлық жағдайларда баспана береді. Студенттердің мәселелерін жедел шешу үшін жоғары оқу орындары өкілдерінен омбудсмен институты құрылды», - деді министр.

Бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан Halyq Uni тілшісіне жаңа оқу жылында 24 мыңға жуық студент жатақханадан орын таба алмай жүргенін мәлімдеді.

Айтуынша, елімізде 600 мыңнан аса студент бар. Ішінде 124 мың студент жатақханадан орын сұраған. Жауапты ведомство 106 мың адамға орын тауып берді. Жартысы университет жатақханасына орналасты, бір бөлігі хостелде тұратын болды. Хостел бағасы – айына 30-60 мың теңге. Ведомство өкілдері мұның пәтер жалдап тұрғаннан тиімді екенін айтады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама