×

«10 балаға бір психологтан қойса да, мәселе шешілмейді»: Жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу үшін не істеу керек?

Мамандар ата-аналар жиналысы өткізілгенімен, оған қатысатындар аз екенін айтады

 Айнұр Шошаева 30.11.2023 | 09:57
көрнекі фото: freepik.com

Астана қаласында биыл 9 ай ішінде жасөспірімдер арасында 83 суицид фактісі тіркеліп, оның сегізі қайғылы жағдаймен аяқталған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Астана қалалық білім басқармасының мәліметінше, 83 жағдайдың 75-і өзін-өзі өлтіруге әрекет етіп, 8-і суицидпен аяқталған. 2021 жылы кәмелетке толмағандар 136 рет суицид жасаса, 2022 жылы 101 факті тіркелген.

«Талдау көрсеткендей, бұл әрекеттің басты себептерінің бірі – отбасындағы жанжал, достары және сыныптастарымен тіл табыса алмау, психикалық ауытқулар мен депрессия. Сондай-ақ себебі анықталмаған жағдайлар бар. Отбасындағы жанжалдан басқа жасөспірімдердің денсаулығына байланысты медициналық көрсеткіштер тұр. Бұл балалардың депрессия, шизофрения, аралас мазасыздыққа ұшырауы. Осыған байланысты Астана қаласының 2023-2025 жылдарға арналған балаларды зорлық-зомбылықтан, суицидтің алдын алу мен қорғау жөніндегі ведомствоаралық жоспар әзірленді», - деді басқарма басшысы Қасымхан Сенғазыев.

Басқарма басшысының айтуынша, биыл 1 қазаннан бастап оқушылар мен ата-аналарға тегін психологиялық көмек көрсету кабинеттері ашылған. Бұл кабинетте диагностикалық түзетуді дамыту, консультациялық-психопрактикалық қызметтер жүзеге асырылады.

«Тек қазан айының өзінде 28 оқушы мен 35 ата-анаға консультация берілді. Бұл 28 баланың барлығы суицид жайлы ойы бар жасөспірімдер, олармен психологтар тиісті жұмыс жүргізіп, бақылауына алды. Бесеуі ерекше білім алуға қажеттілігі бар балалар, олар арнайы ұйымға, үшеуі психиатрларға жіберілді. Сонымен қатар басқарма прокуратура органдарымен бірлесіп, мектеп-колледждерде QR-коды бар ақпараттық тақтайшаларды орнатып жатыр. Бұл балалар мен олардың ата-анасына сұрақ қойып, жауап алуға және оқушылардың арасында туындаған мәселелерді анықтауға мүмкіндік береді», - деді ол.

Бұдан бөлек, жаңа оқу жылында барлық ұйымдарында ата-аналарға педагогикалық қолдау ұйымдары жұмысын бастады.  Биыл басқарма суицид және буллингтің алдын алу бойынша Финляндияның Turku университетімен бірлесіп жұмыс істеуді қолға алған. Ол аталған мәселе бойынша озық әдістерді енгізген үздік оқу орны санатына жатады.

«Финляндияның KiVa деген бағдарламасы бар. Осыны енгізу бойынша Назарбаев зияткерлік мектертерімен ынтымақтастық орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, былтырдан бастап жаһандық құзыреттілік курстары енгізілген болатын. 5-сыныптан бастап бес бөлімнен тұратын курс оқиды, ол парасаттылық және этика, азаматтылық және патриотизм, тіршілік қауіпсіздігі, ал 9-сыныптарда зайырлық және дінтану бөлімі енгізілді. Курс аясында оқушылар өзара қатынас, достардың арасында өзара түсіністік дағдыларын алады», - деді ол.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы соңғы бес жылда елордада 429 жасөспірімнің суицидтік әрекеті тіркелгенін атап өтті. Биыл 9 ай ішінде тіркелген көрсеткіш былтырғы кезеңмен салыстырғанда 16 пайызға көп. Талдау нәтижесінде соңы қайғылы жағдаймен аяқталмаған суицидке барған жасөспірімдердің 83 пайызы 15-17 жастағы қыз балалар екенін көрсеткен.

Біз суицидке бейімі бар жасөспірімдерді анықтаймыз. Алайда баланың ата-анасының келісімін алмай, олармен жұмыс істеу үшін психолог немесе психиатрға жібере алмаймыз. Үнемі талдау жасап отырамыз. Ата-аналардың көбі мамандармен жұмыс істеуден бас тартып жатады. Өйткені олар психиатрға барса, психикалық оңалту орталығына тіркеуге қояды, сосын өмір бойы жұмысқа тұра алмай жүреді деп ойлайды. Ата-аналарда осындай қорқыныш бар, - деді Қасымхан Сенғазыев.

Айта кетейік, 2021 жылы Астанада құқық бұзушылық жасаған балалар мен отбасыларды психологиялық сүйемелдеуді ұйымдастыру, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды психологиялық қолдауды қамтамасыз ету үшін психологиялық сүйемелдеу қызметі іске қосылған. Алайда мәслихат депутаты Салтанат Женалаева бұл қызметтің қазір жұмыс істемей тұрғанын сынға алды.

Мектептердегі оқушы санының көптігі мәселеге айналды. Мысалы, қаладағы 16 білім беру мекемесіндегі сыныптарда оқушы саны нормадан көп, балалар 3 ауысыммен оқиды. Нормаға сәйкес бір мектеп психологына 300-ге дейін бала бекітілуі керек, ал іс жүзінде сол мектептерде 1 қызметкерге 1000-нан астам оқушы бекітілген кезде балаларды психологиялық қолдау проблемалары байқалады. Бұл өз кезегінде маманға буллинг және басқа да құқық бұзушылықтар фактілерін көруге және алдын алуға мүмкіндік бермейді, - деді депутат.

Білім басқармасының басшысы суицидтің алдын алу үшін алдымен мұғалімдердің, оның ішінде сынып жетекшілерінің біліктілігін арттыру қажет деп есептейді.

«Бұл мәселе бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Мектептерде оқушы саны көп, ал психолог мамандар жетіспейді. Алайда әр 10 балаға бір психолгтар қойсақ та, мәселені шеше алмаймыз. Біз басымдықты құндылықтарға негізделген білім беру, сынып оқушыларын оқытуға береміз. Себебі оқушы алдымен психологқа емес, сынып жетекшісіне барады. Сынып жетекшісі мен ұстаздар ата-аналармен бірлесіп жұмыс істеген жағдайда ғана мәселені шешетін боламыз. Кейбір мұғалімдер баламен сөйлескенде оның суицидке бейім екенін анықтай алмайды. Сондықтан мұгалімдердің өзін оқыту қажет», - деді ол.

Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов бұл жұмысқа ата-аналар да атсалысып, белсенділік танытуға тиіс деген пікірде.

«Біз қазір мәселенің себебін анықтаудың орнына салдарымен күресіп жатырмыз. Нәтижесінде "бала терезеден секірді, көліктің асына түсті» дегенді естіп жатырмыз. Бұрын мұғалімдер сабақтан тыс бірге уақыт өкізетін, сыныптағы оқушылар бір-біріміз туралы бәрін білетін едік. Қазір кейбір мектеп директорларымен сөйлескенде ата-аналардың жиналысқа келмейтінін естиміз. Кейде ата-аналар жиналысын ыңғайсыз уақытқа белгілейтін кездер болады. Мысалы, өзімнің үш балам бар, үшеуінің де жиналысын бір уақытқа қойыпты. Алайда ата-аналар мұғалім баласына қол көтерсе немесе төмен баға қойған жағдайда ғана барады», - деді хатшы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама