Жетісулық тұрғын ауылдасының жылқысын ұрлап, оны өзі бірге «іздескен»

Дәурен Ерболат

Полиция көршінің неге мұндай қылмысқа барғанын анықтап жатыр

Фото: polisia.kz

Жетісу облысында ер адам ауылдасының жылқысын ұрлап кеткен, деп хабарлады Polisia.kz.

Қылмыс Кербұлақ ауданында тіркелді. Онда бір күн бұрын Қоғалы ауылының тұрғыны полицейлерге 700 мың теңгеге бағаланған жылқының ұрланғанын айтып, арыз түсірген.

Полиция жылқыны тауып, оның жоғалуына қатысы бар 41 жастағы жәбірленушінің ауылдасын ұстады.

Ер адам бұған дейін құқықбұзушылық жасамаған.

Күдікті жоғалған жылқыны іздеуге белсенді қатысып, көмектескісі келетін кейіп танытқан. Дәл сол уақытта жылқы күдіктінің қорасында болған. Қазір мал ұрлығы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, - деді Кербұлақ ауданының полиция бөлімі.