Halyq Uni логотип
×

Енді қазақстандықтар саусақ ізін тапсыруға міндеттелмейді

Бұл талап шетел азаматтарына міндетті болып қала береді

 Дәурен Ерболат 30.11.2023 | 16:42
Енді қазақстандықтар саусақ ізін тапсыруға міндеттелмейді
көрнекі фото: Halyq Uni

Мәжіліс депутаттары қазақстандықтарды заңнан саусақ ізін тапсыруға міндеттейтін норманы алып тастады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Мемлекеттік корпорация мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда талқыланды. Нәтижесінде депутаттар заңнан саусақ ізін тапсыруға міндеттейтін норманы алып тастау туралы шешім қабылдады. Алайда бұл талап шетел азаматтарына міндетті болып қала береді.

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның айтуынша, заң жобасы 17 заңнамалық актіге, оның ішінде Қазақстанның 5 кодексіне және 12 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.

Екатерина Смышляева депутаттардың құжатқа бірнеше түзету енгізгенін атап өтті:

  • «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының қызметкерлерінің санаттарын нақтылау;
  • Өтініштерді кәсіпкерлік субъектілері арқылы әріптестік келісімдер негізінде қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсетудің дайын нәтижесін беру мүмкіндігін ұсыну;
  • Мемлекеттік корпорацияның көрсетілетін қызметті алушының қалауы бойынша жеке ақыға қосымша сервистік қызмет көрсету;
  • Astana Hub халықаралық технологиялық паркі қатысушыларын орналастыру талаптарын оңтайландыру;
  • Қазақстан азаматтарының жеке куәлігін және (немесе) Қазақстан азаматының төлқұжатын (паспортын) алған кезде дактилоскопиялық тіркеуден өту міндетін алып тастау.

Екатерина Смышляева соңғы нормаға қатысты түсінік берді.

Құжаттарды алған кезде дактилоскопиялық тіркеуден өту міндеттілігі алынып тасталады. Қазақстандықтар тіркеуден өз еркімен өте алады. Бұл ретте дактилоскопия шетелдіктер үшін міндетті болып қалады, - деді депутат.

Мәжіліс депутаттарының дауыс беруі нәтижесінде заң жобасы қабылданды.

Еске салайық, бұған дейін 2024 жылдан бастап қазақстандықтар саусақ ізін тапсыруға міндеттелетіні хабарланған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама