×

Алимент төлеуден жалтарған 6 мың борышкер жауапқа тартылды

Қадағалау актісі бойынша 825 жеке сот орындаушы жазаланды

 Динара Амантай 29.11.2023 | 10:58
Фото: Halyq Uni

Прокуратура органдары алименттерді өндіріп алу мәселесіне ерекше назар аударады және үйлестіру шараларымен сот орындаушылар, полиция, әкімдіктер және басқа да уәкілетті органдардың келісілген іс-қимылдарын қамтамасыз етеді. Осы бағытта екі жыл ішінде прокуратура 236 мәжіліс, алқа және үйлестіру кеңестерін өткізген, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Алимент төлемеудің негізгі себебі – борышкерлердің жұмысқа орналаспауы, тұрақты табыстың болмауы. Жағдайды шешу үшін кәсіпкерлерді тарта отырып, 200-ге жуық бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жұмыспен қамту органдарында 20 мың жұмыссыз борышкер есепке алынып, оның 9,5 мыңы жұмысқа орналасты. 500-ден астам түрлі ынталандыру шаралары (акция, рейд, әлеуметтік ролик, билбордтар және басқалар) өткізілді. Алимент өндіруден жалтарған 6 мыңға жуық борышкер әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылды. 700 қадағалау актісі бойынша тәртіптік жазада 825 жеке сот орындаушы жазаланды.

Жүйелі және кешенді шаралар қабылдау нәтижесінде проблемалық іс жүргізулердің санын үштен біріне дейін немесе 75 мыңнан 50 мыңға дейін қысқартуға мүмкіндік берді. 140 мың баланың пайдасына 23 млрд теңге қарыз өтелді. Сонымен қатар қарыз есебіне борышкерлердің 322 мүлкі өндіріп алушыларға берілді. Бүгінде қарыз сомасы – 22 млрд теңге. Осыған байланысты прокуратура органдары борышкерлердің есепке алынбаған және жаңа кіріс көздерін анықтау үшін жаңа тәсілдер мен алгоритмдер әзірледі: такси қызметіндегі мобильді қосымшалар арқылы жұмыс істеу (Яндекс, inDriver, DiDi, Uber), букмекерлік кеңселердегі ставкалар, электронды әмияндар және т.б. Сот орындаушылар борышкерлердің осындай табыстары туралы мәліметтерді прокурордың санкциясы арқылы алады.

Мысалы, Қарағанды облысында прокурорлар электронды әмияндарда ақшаны жасырған 86 борышкерді анықтады. Кірістерден өндіріп алуға мүмкіндік беретін заңнамалық түзетулер енгізу туралы ұсыныстар Әділет министрлігіне және Парламент депутаттарына жіберілді.

Айта кетсек, бүгінде алименттерді өндіріп алу және балалардың құқығын сақтау мәселелері прокуратура органдарының тұрақты бақылауында.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама