«ҰБТ екі есе қымбаттады». Ринат Зайытовтың сынына компания жауап берді
Жыл сайын 600 млн теңге үнемделеді
U-STUDY компаниясы Мәжіліс депутаты Ринат Зайытовтың сынына жауап берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бұған дейін депутат елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеудің 2 есе қымбаттағанын, соның салдарын қарапайым халық тартып отырғанын айтқан.
Компанияның Ринат Зайытовқа өз айтары бар.
Оқушылар мен педагогтерге арналған ҰБТ-ны Ұлттық тестілеу орталығы жүргізеді. Ал U-STUDY техника мен үй-жайларды қамтамасыз ету арқылы техникалық қолдау көрсетеді. Тестілеуді өткізудің барлық инфрақұрылымын құру үшін 8 млрд теңгеден аса сомада жеке инвесторлардың қаражаты тартылды. Осылайша, шалғай ауылдарды қосқанда 5 мың отырғызу орны жабдықталды, - деп жазылған хатта.
Сондай-ақ жеке компания барлық жабдықпен қамтамасыз етеді.
«Әрбір орын ситуациялық орталықтан бақыланатын жеке бейнебақылау камерасымен жабдықталған. Бұл тестілеу кезінде кез келген мінез-құлық ережесінің бұзылуын анықтауға мүмкіндік береді. U-STUDY ұсынған Face ID және WEB-прокторинг жүйелерін енгізу процестердің ашықтығын жақсартады. Осы шаралардың арқасында тиісті инфрақұрылым ұйымдарына ауқымды мемлекеттік инвестицияны тартпай, жыл сайын Қазақстан бойынша тестілеу сәтті өткізіледі», - деп жазылған хатта.
Сондай-ақ бұрын ҰБТ сұрақтарының оқушылар арасында тез тарап кеткені айтылды.
«ҰБТ-ны электронды форматқа ауыстырғанға дейін өңірлерде тек қағаз жүзінде тестілеуді өткізудің 114 пункті жұмыс істеді. Білім және ғылым министрлігі шешімімен бұл тармақтар мемлекеттік тестілеу базасының ақпараттық қауіпсіздігінің төмен деңгейіне және цифрландырудың барлық трендтеріне айқын қайшы келуіне байланысты жабылды. Мәселен, бір өңірде ҰБТ тапсырған, ал еліміздің басқа бөлігінде тест тапсырмалары қағаз көшірмелерінің фотосуреттерін алуға үлгерген жағдайлар болды. U-STUDY-ді тартып, қазақстандық оқушыларға жылына қағаз форматта бір емес, 5 рет ҰБТ тапсыруға электронды мүмкіндік пайда болды, оның екеуі грантқа түсу үшін.
Сонымен қатар жетекшілік ететін министрлікпен келісім бойынша, ҰБТ-ны 2 ай бойы жазғы тестілеуді өткізу кезеңінде U-STUDY барлық техниканы және өз залдарын тегін ұсынады. Бұл мемлекетке жыл сайын шамамен 600 млн теңге үнемдеуге мүмкіндік береді, - деп жазылған хатта.
Сондай-ақ ҰБТ-ның 21 мыңға жуық тест сұрағы жеке компанияға берілді деген мәлімет шындыққа жанаспайды.
U-STUDY-дің 21 мың тест сұрағынан тұратын мәлімет базасы туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлаймыз. Барлық тестті Ұлттық тестілеу орталығы басқарады. U-STUDY тестілеу орталығы (U-FUTURE ЖШС) оларға сынақ тестін өткізу үшін ҰТО ұсынған сілтеме бойынша ғана қол жеткізеді. Білім министрінің бұйрығымен мұғалімдер бір жылда 2 рет тегін тестілеуден өте алады. 2022 жылғы мәлімет бойынша U-STUDY мұғалімдерге 193 мың сынақ өткізсе, оның 150 мыңы (77%) тегін тестілеуден өткен, - деп жазылған хатта.
Сонымен қатар U-STUDY мемлекеттік тестілеу бағасының өсуіне ықпал ете алмайды.
Бұл Білім және ғылым министрлігінің (қазіргі Ғылым және жоғары білім министрлігі) бұйрығымен айқындалады. Компания өз қызметінде ең алдымен ашықтық, есеп беру және құқықбұзушылыққа төзбеу сынды қағидаттарды басшылыққа алады. U-STUDY-дің Білім министрлігімен бірлесе отырып, тестілеу процестерін цифрландыру бойынша жүргізген жұмысының арқасында тестілеуге адамның араласу факторы төмендеді. Құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, қолда бар сыбайлас жемқорлық фактілері анықталды, - деп жазылған хатта.