×

Жүрек ауруларын көбейтеді: ​​​​​​​Мамандар соғымды тұздамауға кеңес берді

Халық тұзды шекті мөлшерден 3 есе артық тұтынады

 Ербол Тұрымбет 16.11.2023 | 13:04
Фото: steaklovers.menu

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, ересектер күнделікті тамақтану кезінде астың құрамындағы тұз мөлшерін тәулігіне 5 грамнан асырмау керек. Ал балалар үшін одан да төмен. Қазақстанда оның көлемі 17 грамм.

Ұлттық салауатты тамақтану орталығының атқарушы директоры Ақкүміс Салханованың айтуынша, тұзды көп тұтыну жүрек-қан тамырлары жүйесіне қауіпті, ол түрлі ауруға әкелуі мүмкін. Онсыз да Қазақстанда дәл осы жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім ішінде бірінші орында тұр.

Сонымен қатар, бүйрек жұмысына да кері әсер етеді. Сондықтан тұз тұтыну көлемін азайту керек.

Ал тұз қайда болады? Әлбетте, біз тұздың өзін жей бермейміз. Дегенмен тағам құрамында көп жейміз. Мысалы, шұжық (колбаса), консерві, тұздалған снэктер (жеңіл тағамдар), қытырлақтар (чипсы, кириешки), тұздалған балық, чечил сынды өңделген өнімдердің бәрінде тұз қолданылады. Сол үшін оларды жеуді азайтып, асқа тұз саларда да абайлау керек. Сосын үстелге де тұз қоймаған дұрыс. Әсіресе, бабалардың тамақтануын қадағалап отыру керек, - дейді Ақкүміс Салханова.

Сондай-ақ, маман жұмыртқаны тұзға батырып жеуді де доғару қажет екенін айтады. Себебі, жұмыртқаның өз құрамында тұз мөлшері жеткілікті.

Сонымен бірге, соғым жеу тәртібіне де мұқият болу керек дегенді қатаң ескертеді. Оның сөзінше, жалпы, жылқы еті өте пайдалы әрі ерекше өнім. Өйткені, ол құрамында көп қанықпаған май қышқылдары бар қызыл ет. Бұл балық майында кездесетін және дәрігерлер ұсынатын нағыз пайдалы майлар. Сол үшін де ол диеталық терапияда қолданылады және денсаулыққа өте пайдалы.

Ал қазақтар қыс бойы соғым жейді. Сол кезде етті тым қатты тұздап қойғандықтан ол өнімнің пайдалы әсерін төмендетіп жібереді. Қазақтар бұрындары тоңазытқыш, мұздатқыш болмағандықтан етті тұздаған. Жерге көміп немесе ыстап қоятын болған. Өйткені, етті көктемге дейін сақтау керек болды. Қазір оның қажеті жоқ қой, ең дұрысы тұздамай-ақ, мұздатқышқа салып қою керек. Енді кей қазақ еттің тұзды болғанын, сүрленгенін қалайды. Бірақ соншалық фанатизмге беріліп кетудің қажеті жоқ, - дейді маман.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама