Уақытша ұстау изоляторларында агрессорлармен жұмыс істемейді - Мақсұтбек Айтмағанбет

Ербол Тұрымбет

Елімізде «Саналы әке» деген бағдарлама қолға алынған

Фото: Halyq Uni

Әкелер одағы тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша көптен бері жұмыс істеп келе жатыр. Екінші жыл қатарынан ерлерге, әкелерге арналған семинар-тренинг өтті. Абьюзерлер, әйел, бала-шағасын ұратын еркектер туралы әңгіме болғанда алдымен ортада бала жапа шегетінін білуіміз керек. Еркек әйеліне қол көтеріп жатқанда балаға психологиялық, эмоционалды тұрғыдан зиян келеді. Әкелер одағының төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбет бұл туралы VIII Республикалық әкелер форумында айтты. 

Отбасында күш көрсету мәселесіне қатысты Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин де пікір білдірген еді. Ол бұл мәселені тек заңнамаға өзгеріс енгізу арқылы шешу мүмкін емес екенін, азаматтардың көзқарасы, моральдық ұстанымы да өзгеруі керектігін жазады.

Бұл пікірді Мақсұтбек Айтмағанбет те қолдайтынын айтты. Оның сөзінше, «Әкелер одағы» бұл мәселе бойынша полиция органдарымен де жұмыс істеп келеді. 

Өз басым уақытша ұстау изоляторларына жиі барып көрдім. Агрессорлармен жұмыс істедік. Сонда көзім жеткені, ол адамдармен жұмыс істемейді немесе жеткілікті емес. Бес, он күнге қамалған адамдардың не істейтінін қарайық: оларға әке туралы әдебиеттер берілмейді, фильмдер қойылмайды, олармен жұмыс істейтін ер психологтар жоқ. Ол жерге отбасылық жағдай болған соң әйел полицей келеді, ал оның орнына психолог келу керек, - дейді ол.

Оның сөзінше, көп жағдайда зардап шеккен тараппен жұмыс істейміз деп агрессор қалып қояды. Неге ондай қадамға барғаны ашылмай қалады. 

Айта кетейік, Әкелер одағы осыдан екі жыл бұрын БҰҰ-ның Халықты қоныстандыру қорымен бірлесіп зерттеу жүргізген. Нәтижесінде ерлер тақырыбы елімізде тым аз зерттелгені анықталған.

Ерлер портреті қандай болу керек, не нәрсеге қызығады, қалай өмір сүреді, қандай қиындыққа ұшырайды – бұлар ашылмаған. 

Үлкен қалалар мен шағын қалалардағы еркектердің мәселесі екі түрлі. Ерлер проблемасы өңірлер бойынша да әр түрлі, - дейді Мақсұтбек Айтмағанбет. 

Оның айтуынша, елімізде «Саналы әке» деген бағдарлама қолға алынған. Алайда кей өңірде соны өткізу мүлде мүмкін емес. Себебі «бізге керек емес» дейді. Дегенмен мектепте жүзеге асыру мүмкіндігі бар екенін айтады.