Қазақстандағы еңбек мигранттарының көбі Қытайдан келген
Өткен айдағы көрсеткіш те осындай болған
Елімізде 16 мыңға жуық шетел азаматы жұмыс істейді, деп хабарлайды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
«2022 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша, жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 15 932 шетел азаматы еңбек етеді. Шетел жұмыс күшін (ШЖК) тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 630 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелер басшылары үшін 3 154 рұқсат (екінші санат). Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) әрі төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 7 643 және 837 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 1 343 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 2 325 адам тартылды», – дейді еңбек министрлігі.
Қазір елімізде ШЖК пайдаланатын 1 733 жұмыс беруші бар. Оларда 391 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді. Бұл қызметкерлердің жалпы санының 96%-ы.
Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 3 613 адам, Түркия – 1 838 адам, Өзбекстан – 1 385 адам, Үндістан – 1 293 адам, Ұлыбритания – 1 083 адам, – дейді министрлік.
Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді әрі бөледі. Осы жылғы қаңтарда ірі отандық бизнес өкілдерімен кездесу қорытындысы бойынша мемлекет басшысының берген тапсырмасын орындау үшін ведомство шетел жұмыс күшін тартуға арналған квотаны бұрын жоспарланған 28 352 бірліктен 23 560 бірлікке дейін, яғни 4 792 адамға (16%) қысқартты.
Еліміздегі еңбек мигранттарының көбі Қытайдан келген. Қазақстанда шетелдік мигранттарға шағым көбейді – ІІМ. Биылғы үш айда елімізге 3,5 мыңнан астам адам ТМД елдерінен көшіп келген.