×

Қазақстандағы еңбек мигранттарының көбі Қытайдан келген

Елімізде барлығы 16 мыңнан астам шетелдік жұмыс істейді

 Қымбат Елтайқызы 26.04.2022 | 14:00
фото: ашық дереккөзден

2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша, жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты бойынша Қазақстан аумағында 16 278 шетелдік азамат еңбек етеді.

Шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттар арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 639 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелер басшылары үшін 3 150 рұқсат (екінші санат). Тартылған шетелдік жұмыс күшінің негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 8 115 әрі 825 адамды құрайды. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 1 197 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 2 352 адам тартылды, – дейді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Қазір елімізде шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 1 683 жұмыс беруші бар. Оларда 429 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96%-ын құрайды. Ал еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 3 685 адам, Түркия – 1 977 адам, Үндістан – 1 268 адам, Өзбекстан – 1 195 адам, Сербия – 1 109 адам.

Еңбек министрлігі ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында жыл сайын республикаға шетелдік мамандарды тартуға квота белгілейді әрі бөледі. Биыл мемлекет басшысының тапсырмасымен шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота бұрын жоспарланған 28 352-ден 23 560-қа дейін, яғни 4 792 адамға (16%) қысқарды.

БҚО-да көші-қон заңнамасын бұзған Шри-Ланканың 12 азаматы ұсталды. Елімізде шетелдік мигранттарға шағым көбейді – ІІМ. Атырауда жүзден аса Қытай азаматы заңсыз еңбек еткен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама