Журналистердің кәсіби қызметіне кедергі келтірді деп айыпталған ер адам мәжбүрлі емдеуге жіберілді
Тергеу барысында 6 адамның осы іске қатысы бары анықталған
Алматы сотында журналистердің кәсіби қызметіне кедергі келтірді деп айыпталған Аркадий Клебановқа қатысты қаулы шықты. Ол еріксіз емдеуге жіберілді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Сот журналистердің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтірді, кәмелетке толмағандарды қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасауға тартты, ақпараттық жүйенің жұмысын бұзды және бөтеннің мүлкіне қасақана зақым келтірді деп айыпталған Клебановқа қатысты медициналық сипаттағы еріксіз емдеу шараларын қолдану туралы істі қарады.
Жәбірленушілер полиция органдарына журналистердің қызметіне байланысты қауіп-қатер төндіру, бұзақылық әрекеттер жасау, мүлікті зақымдау және жою фактілері бойынша белгісіз тұлғаларға қатысты өтінішпен жүгінген.
Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу барысында 6 тұлғаның осы іске қатысты екені анықталды.
Тергеу барысында күдіктілердің бірі – Клебановқа 2 сот-психиатриялық сараптама жүргізілді. Сарапшылардың қорытындыларына сәйкес, Клебанов созылмалы психикалық бұзылысқа шалдыққан.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру қорытындысы бойынша оған қатысты материалдар мәселені қарастыру және медициналық сипаттағы еріксіз емдеу шараларын қолдану үшін сотқа жіберілді.
Сот сараптамалардың қорытындысы негізінде Клебанов қоғамдық қауіпті әрекеттерді жасаған кезде қабілетсіз күйде болған деген қорытындыға келді. Ол өзінің іс-әрекеттерінің нақты сипаты мен қоғамға қауіпті екенін түсінбеген және созылмалы психикалық аурудың салдарынан өзін-өзі басқара алмаған, - делінген Алматы соты таратқан ақпаратта.
Сотталушы психиатриялық стационарға еріксіз емдеуге жіберілді.
Жәбірленушілердің азаматтық талаптары ішінара қанағаттандырылды. Материалдық залал және моралдық зиянды өтеу есебіне сотталушының заңды өкілінен 14 млн теңге өндіріп алынды.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, 2023 жылдың наурызында журналистерге жасалған шабуылдарды ұйымдастырушы ретінде ер адам ұсталды. Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, күдікті Қазақстан азаматы Клебанов (Маневич) Аркадий Сергеевич екені анықталды. Ол ұсталды және соттың рұқсатымен қамауға алынды. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 115-ші «Қауіп-қатер», 147-ші «Жеке өмірге қолсұғылмаушылықты бұзу», 158-ші «Журналистік қызметке кедергі жасау», 202-ші «Бөтен мүлікті қасақана жою немесе бүлдіру» және 293-ші «Бұзақылық» баптарымен қарастырылған айыптар тағылды. Ұсталған адам істеген әрекетін мойындады.
Оның алдында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарына журналистерге қарсы қылмыстарға қатысты тапсырма берді.