×

Петропавлда ауруханаға тапаншамен келген бозбала дәрігер мен науқасқа күш көрсеткен

Ол бұған дейін де травмотолог дәрігерді бетінен бір ұрған

 Еркеғали Болатұлы 24.10.2023 | 13:10
фото: 9111.ru

Петропавл қаласында 17 жастағы жігіт тапаншапен балалар ауруханасына басакөктеп кіріп, дәрігер мен пациент қызды соққыға жыққан.

Бұл оқиға 23 қазанда сағат 11:30 шамасында болған. 17-18 жастағы 3 жігіт аурухана ғимаратына рұқсатсыз кіріп келген. Медицина қызметкерлері мен күзетке де қарамаған. Барлық ескертуге балағат сөзбен жауап берген.

Одан кейін 2-қабатта жатқан 15 жастағы қызға көтерілді. Оның сүйегі сынған. Соған қарамай, дәлізге шығарып, кушеткаға отырғызып қойды. Ал 17 жастағы жігіт оны қолымен басынан ұра бастады, - дейді аурухананың бас дәрігері Нұрлан Айманов.

Медбикелер де жүгіріп шыққан. Барлығы жанжалды тоқтатуға тырысқан. Сол кезде басбұзар қыздың балдағын алып, үшкір жағымен неврапотолог дәрігердің ішінен ұрған.

Сосын қалтасынан тапаншаны алып шығып, бәрін қорқыта бастады, балағат сөз айтты. Одан кейін 1-қабатқа түсті. Ал кетіп бара жатқанда есіктің шынысын сындырды, қолы қанап кетті. Төменде отырған балалар мен ата-аналар қорқып кетті, - дейді бас дәрігер.

Жасөспірім далаға шығып бара жатқанда тағы бір пластикалық есікті теуіп сындырған. Аурухана қызметкерлері полиция шақыртқан.

Қазір тергеу шаралары басталды. Дәрігерлердің айтуынша, жасөспірім осымен бірнеше рет агрессия танытып отыр.

Төртінші рет-ау деймін. Бірақ осы жолы тым қатты кетті. Сол себепті біз полицияны шақырдық. Жарақат алған неврапотолог сот-медициналық сараптамадан өтеді, - деді Нұрлан Айманов.

Бірнеше ай бұрын басбұзар сол қызды ауруханаға әкелген. Сонда аяғында жарақаты болған. Ал жасөспірім кірген бойда балағат сөз айтып, травмотолог дәрігерді бетінен бір ұрған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама