×

Биыл қызметтік иттердің арқасында 6 тоннадан астам есірткі анықталды

Қазақстандық полицияда 700-ге жуық қызметтік ит бар

 Динара Амантай 24.10.2023 | 09:38
Фото: polisia.kz

Биыл қырағы полицей иттер 6 тоннадан астам есірткіні анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, қазақстандық полицияда 700-ге жуық қызметтік ит бар. Қызметтік иттердің қылмыстарды ашуға және құқықтық тәртіпті күзетуге қатысуы – полиция қызметінің маңызды бағыты. Кинологиялық қызмет орталықтары барлық облыстық полиция бөліністерінде жұмыс істейді. Онда кинолог-мамандар оқытылып, өздерінің төртаяқты серіктерін жаттықтырады. Асыл тұқымды иттерден туған күшіктерді тестілеуден өткізіп, қызметке іріктейді. Таңдап алынғандарға жалпы тыңдау курсын жүргізеді.

ІІМ Кинологиялық орталығы – ішкі істер органдары кинология қызметінің үйлестіруші орталығы. Қазір бұл орталықта кинолог-мамандарды және қызметтік иттерді дайындаудың кезекті курсы аяқталды. Еліміздің әр өңірінен келген 25 полицей-кинолог 2 ай бойы өздерінің төртаяқты серіктерін жарылғыш заттарды іздеу, қаруланған қылмыскерлерді ұстау, сондай-ақ көшені патрульдеу бойынша үш бағытта жаттықтырды.

Полицейлер өздерінің иттерімен бірге үй-жайларды, багажды, көлік құралдарын тексеруді үйреніп, ғимараттарға шабуылдар жасады, шартты қаруланған қызметкерлерді залалсыздандырып, тонаушылар мен бұзақыларды іздестірді.

ІІМ Кинологиялық орталығында қызметтік иттерді жаттықтырудың және полиция, Ұлттық Ұлан, қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлерін кәсіби оқытудың бірегей бағдарламалары әзірленді. Қазақстанның күштік құрылымдарының кинологиялық қызметтері арасында оның аналогтары жоқ. Мұнда мамандар полиция қызметінің барлық бағыттары бойынша білім алады және практикалық түрде дағдыланады. Орталықтың мамандарымен иттерді жаңа психикобелсенді заттар іздеуге үйретудің әдістемесі әзірленді.

Биыл осы бағдарлама бойынша қара нарықта ең көп тараған синтетикалық есірткі альфа-PVP және мефедронның иіс имитаторларын пайдалана отырып, 23 кинолог қызметтік иттерімен бірге үйретілді.

Биыл өздерінің жануарларымен бірге кинологотардың қатысуымен 260-тан астам есірткі қылмысы ашылып, 6 тоннадан астам есірткі, оның ішінде 7,5 келіден астам синтетика тәркіленді, – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің кинологиялық қызмет басшысы Алмас Күнтуов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама