×

Жол апатына ұшырайтындардың дені – жастар: Министр МӘМС жүйесіне тіркелу неге маңызды екенін түсіндірді

Күрделі операциялардың кейбірі МӘМС жүйесі арқылы жасалады

 Дәурен Ерболат 18.10.2023 | 17:05
Ажар Ғиният, фото: Halyq Uni

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне (МӘМС) жарна төлемей жүргендерді көлік жүргізу құқығынан айыруды ұсынды. Ведомство басшысы журналистерге сол мәлімдемесін түсіндіріп, басқа елдердің тәжірибесінен мысал келтірді.

«Министрліктің кейбір мемлекеттік қызметтерді шектеуге қатысты ұсынысына тоқталайын. Бұл әлемдік тәжірибеде бар. Мысалы, Германия, Норвегия, Ұлыбритания және тағы басқа дамыған елдерде. Онда жүргізуші куәлігін алғыңыз келсе, сізден медициналық сақтандыру талап етіледі. Тіпті, медициналық сақтандыру болмаса, шетелде сізді ешкім қарамайды. Оны жақсы білесіздер», - деді министр Мәжілістің жалпы отырысынан соң.

Қазақстанда жыл сайын көлік апатынан 2 мыңнан аса адам қаза табады. Осыған байланысты Ажар Ғиният МӘМС-те тіркелу неге маңызды екенін түсіндірді.

Елімізде жол апаты жиі болады. Маған күн сайын 10 және одан көп жол апаты болатыны туралы ақпарат түседі. Зардап шеккендердің жартысы қайтыс болады. Олардың дені – жастар. Арасында еңбекке қабілетті адамдар мен балалар да бар. Қалғаны ауруханаға ауыр жағдайда жеткізіледі. Сонда медицина қызметкерлері ауыр халде жатқан науқастан «Сіз сақтандырылғансыз ба?» деп сұраса қалай болады? Мұнда шұғыл көмек көрсету туралы айтып тұрған жоқпын. Көмек онсыз да көрсетіледі. Бірақ кейбір травматологиялық, ортопедиялық күрделі операциялар МӘМС жүйесі арқылы жасалады», - деді ол.

Министрдің пікірінше, дәрігерлер науқасты отаға жіберу үшін оның МӘМС-те тіркелген-тіркелмегенін сұрап отыруға міндетті емес.

Біз өз денсаулығымыз үшін жауаптымыз. Сондықтан барлық адамда медициналық сақтандыру болуы керек, - деді Ажар Ғиният.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама