×

«Әкімдіктің құр уәдесінен шаршадық»: Алматы облысының тұрғындары ауыз сусыз отыр

Жиналған жұртқа келіп, өзге шаруаны айтқан әкімге халық қатты ашуланып кетті

фото: видеодан скриншот

«5 жылдан бері әкімдіктің құр уәдесінен шаршадық». Алматы облысына қарасты Казцик ауылының тұрғындары осындай базынасын Алматы арнасы арқылы жеткізді. 

Тұрғындардың айтуынша, жергілікті билік өкілдері су жүргізіп, жол салып береміз дегелі біраз жылдың жүзі болыпты. Арал Ешмаханов 5 жылдан бері  осы суды ішіп келеді. Ауыл тұрғындары ауласынан құдықтар қазып алған. Ал қаржысы жетпегендер алыстан тасып ішеді. Тіршілік нәрін тексерген мамандар суды  ішуге болмайтынын айтып, ескерту жасапты. 

Тұрғындар 3 ай сайын 6 метр тереңдікке түсіп,  құдық түбінде жатқан моторды тазалауға мәжбүр. Егер оны қалпына келтірмесе арнайы техникаға топырақ  толып, су жүрмей қалады.

«Таңертең суды ыдысқа құйып, кешке дейін ол суды бітірмесек іші сарғайып кетеді, иістеніп кетеді. Үйдегі барлық ыдыстың іші таза емес. Әкім аймақты аралап, көрген жоқ. Қандай су ішіп отырғанымызды білмейді. Бірақ көшенің басына келген шығар тексеріп», – деді ауыл тұрғыны Арал Ешмаханова.

Көше жаңбыр жауса лайға айналып, аяқ алып жүре алмай қаламыз дейді. Кесірінен бала мектептен, ел жұмыстан қалады. Жиналған жұртқа келіп, өзге шаруаны айтқан әкімге халық қатты ашуланып кетті.

«Біз үшін 10 әкім қызметін ауыстырғаны маңызды емес. Халыққа су тартамыз деп уәде берді ме? Берді, уәденсін орындасын», – деді ауыл тұрғыны Данияр Қоқиланов.

Ауыл әкімінің айтуынша, суға қатысты сметалық құжаттар дайын, бірақ қаржы жоқ.

«Қазіргі таңда осы аумақтарға су тарту бойынша жобалық құжаттар жасалып, қазір сараптамадан өтті. Жалпы құны 670 миллион теңгені қажет етіп отыр. Оның жалпы ұзындығы 17,3 шақырым болады», – деді Казцик ауылдық округінің әкімі Бауыржан Жұмабаев.

Ал тұрғындар әкімнің бұл сөзіне сенген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама