×

Петропавлда мембағдарлама аясында салынған су жаңа үйден шу шықты

Тұрғын үй былтыр ғана пайдалануға берілген

 Самат Жақып 16.05.2022 | 17:09
фотолар: Halyq Uni

Петропавлда 2021 жылы пайдалануға берілген көпқабатты жаңа тұрғын үйдің сапасы сын көтермейді. Күн жауса, тұрғын үйдің жертөлесі суға толады. Одан қалды, тұрғындар ыстық су мен жылуға жарымай отыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Облыс орталығының кіре берісіндегі «Жас Өркен» ықшам ауданында «Шаңырақ» бағдарламасы аясында салынған 18 қабаттан тұратын үйдің халық игілігіне берілгеніне жылға жуық уақыт болған. Үйдің жаңа деген аты болмаса, құрылыста кеткен кемшілік өте көп.

Тұрғындар жаңа қонысына көшкелі тек шағымданумен келеді. Тұрғын үйдегі алғашқы ақау былтыр қар жауғанда – аяз түскенде байқалған. Үй жылымай қойған. Алайда тұрғындардың басқа тұратын жері жоқ.

«Сегізінші қабаттан баспана аалдым. Суықта терезелерден жел улегенде пәтердің іші суып кетеді. Жасыратынын жоқ, қыста үйде сырт киіммен жүрдік. Тіпті, ұйықтағанда қалың киініп жатамыз. Екі балам бар, үнемі ауырады. Ыстық су дегенді мүлде ұмыттық. Ыстық су 6-7 қабаттан әрі аспайды. Қысым жетпейді ме, әлде құрылыс жұмыстары дұрыс жүргізілмеген бе, белгісіз. Мұздай сумен жуынамыз. Былтыр күз айларында шатырдан су ағып, жоғарғы қабаттағы пәтерлердің төбесі дымқыл тартты. Оны мердігер компания жөндегендей болды. Бірақ биыл көктемде бұл жағдай тағы да қайталанды. Жаңа баспанаға қолымыз жеткенде балаша қуанған едік. Қазір қуанышымыз су сепкендей басылды. Екі жағымызда дәл осындай үй бар. Оларда мұндай мәселе болған жоқ. Ал біз проблемадан көз ашпай келеміз. Үйдің сырты бүтін болғанымен, іші түтін», - дейді Петоропавл қаласының тұрғыны Қайрат Есмағамбетов.

18 қабаттан тұратын үйдің лифтісі де жиі істен шығады екен. Көбі баспалдақпен көтеріліп-түсуге мәжбүр. Лифтінің істемеуінен үйдегі қарт кісілер мен балалар далаға шығудан қалған. Бір жыл бойы мәселесі шешілмеген тұрғындар СҚО әкімі Құмар Ақсақаловты шақыртып, бар базынасын айтты.

Бұл маңда 18 қабаттан тұратын үш үй бар. Олардың екеуін осыған дейін «Основание» серіктестігі салса, соңғысын «Зерттеу-СК» ЖШС салған. Мердігер компанияның өкілдері жертөледегі судың пайда болуына еріген қар суы себеп болғанын айтады. Яғни, көршілес үйлердің маңындағы абаттандырыру жұмыстары аяқталған соң, жағдай реттеледі деп сендірді. Бірақ, өңір жетекшісі жауаптыларға сараптама жүргізуді тапсырды.

«Олқылықтың бәрін тез арада анықтаңыздар. Сіздердің салғырттығыңыздан тұрғындар зардап шекпеуге тиіс. Тиісті тексеру жұмыстарын жүргізу керек. Сондықтан жаз мезгілінде барлық кемшіліктердің орнын толтырып, жағдайды ретке келтіру қажет. Ертең кеш болса, халық қыста тағы бүрсең қағып отырады. Ал біз оған жол бермеуімі керек», - деді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов.

Қазір бұл үйде 108 отбасы тұрып жатыр. Мердігер компания өз қаражаты есебінен барлық олқылықтың орнын толтыруы керек. Сосын абаттандырып, балалар алаңқайын тұрғызуға міндеттелді. Атқарылған жұмысты бір айдан кейін Құмар Ақсақаловтың өзі қабылдап алады. Облыс басшысы маусым айының соңында осы үйдің тұрғындарымен тағы да кездесуге уәде берді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама