×

Жамбыл облысында 10 гектар аумақтағы көшетке күтім жасалмаған

Сондай-ақ жаңадан салынған көпқабатты үйлердің маңындағы іргелес аумақтардың 70 пайызын көгалдандыру іс-шарасы жоспарланбаған

 Динара Амантай 10.10.2023 | 13:04
Фото: gov.kz

Арнайы құрылған Табиғатты қорғау прокуратурасы жасыл желектерді сақтау және ағаштарды заңсыз кесуден келтірілген залалды өтеу мәселелерін зерделеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, талдау нәтижесінде жасыл желектер саны мен сапасының және жай-күйінің тиісті есебін жүргізу бөлігінде заңбұзушылықтар анықталған. Заң талаптарын бұза отырып, облыс орталығында тек соңғы 2 жылда кесілген көшеттердің орнына 10 мыңнан астам көшет отырғызудың қамтамасыз етілмегені анықталды.

Атап айтқанда ағаштарды арнайы рұқсатсыз кесу фактілері бойынша 50 еселенген мөлшерде 4 мыңнан астам көшет отырғызу қамтамасыз етілмеген. Күтімнің болмауы салдарынан қаланың «жасыл белдеуін» құруға арналған 10 гектар аумақтағы көшеттердің 80%-дан астамы жарамсыз болып қалды, – делінген прокуратура хабарламасында.

Сондай-ақ қала құрылысы заңнамасын бұза отырып, жаңадан салынған көпқабатты үйлердің маңындағы іргелес аумақтардың 70 пайызын көгалдандыру бойынша іс-шаралар жоспарланбаған.

Облыс орталығы тұрғындарының шағымдарына қарамастан, тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін апатты ағаштарға қатысты жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілмей келеді.

Анықталған бұзушылықтар бойынша облыс әкімдігіне уәкілетті органдардың бақылау тиімділігін арттыру, жасыл желектер тізілімін қалыптастыру, дендрологиялық жоспарды бекіту және осы саладағы заңдылықты қамтамасыз ету туралы қадағалау актісі енгізілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама