×

Ұжымдық жазалау заңды ма: Саясат Нұрбек студенттердің сотын университетте өткізуге қатысты пікір білдірді

Мұндай тәжірибенің қаншалықты заңды екені белгісіз

 Ая Өміртай 10.10.2023 | 12:15
Коллаж: Halyq Uni

Есірткі ісі бойынша студенттердің сотын Қостанай университетінде өткізуге қатысты министр Саясат Нұрбек пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Жуырда есірткі таратты деген айыппен істі болған студент қыздардың соты 300-ге жуық студент жиналған Қостанай мемлекеттік университетінің акт залында өткен еді. Сот мұны студенттерді нашақорлықтан қорғау үшін нәтижелі болады деп шешкен.

Істі болған Ангелина Антипенко мен Анастасия Савостьянова синтетикалық есірткіні аса ірі көлемде тасымалдады, сақтады және таратты деп айыпталған. Осы орайда Halyq Uni тілшісі сот отырысының сот ғимаратында емес, университет қабырғасында өтуін қоғамдық жазалауға жата ма деген сауалды сарапшылардан сұрап көрді. 

ПРОКУРАТУРА ӨТІНІШІ

Министрдің айтуынша, университет басшылығы үкімді оқу орнының залында оқуға министрліктен рұқсат алуға міндетті емес. Аталған көшпелі сот отырысы Қостанай облысы прокуратурасының өтініші бойынша Қостанай мемлекеттік университетінде  өткізілген.

«Білім туралы» заңға сәйкес оқу процесі және жоғары оқу орнындағы ұйымдастырушылық жұмыстарды оқу орны басқарушылық және академиялық дербестік шеңберінде өзі жүзеге асырады. Сондықтан оны ұйымдастыру үшін, жоғары оқу орны министрліктен заңнамалық тұрғыдан рұқсат алуы міндетті емес, - деп жауап берді Саясат Нұрбек Halyq Uni тілшісіне. 

Министр Саясат Нұрбектің айтуынша, Қостанай университетіндегі көшпелі сот отырысы Үкімет қаулысының негізінде профилактикалық шаралар ретінде де өткізілген.

Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары Үкімет қаулысымен бекітілген. Сондықтан қаулны негізінде әрбір жоғары оқу орнында іс-шаралар жоспары бекітіліп, жастар арасындағы қылмыстардың алдын алу бойынша құқық қорғау органдарының өкілдерімен арнайы кездесулер, семинарлар мен дәрістер өткізу жоспарланады. Яғни, осы сот отырысы осындай профилактикалық шаралар ретінде де өткізілді деуге болады. Қазақстанның «Қылмыстық-процестік кодексі» соттың көшпелі отырыстарын өткізуге тыйым салмайды. Сондықтан, бұл қандай да бір заңнамаға қайшы деп айта алмаймыз, - деп түсіндірді Саясат Нұрбек.

ПРАКТИКАДАН ӨТКІЗІП ТҰРУҒА БОЛАДЫ

Сонымен қатар, министр жоғары оқу орындарында «тәрбие мақсатында» сот отырыстарын өткізуге қарсы емес екендігін атады. Оның айтуынша, Қостанай университетіндегі сот студенттерге оң әсер еткен.

«Қазір жастар арасында есірткі құралдарының таралуы мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіретін ауқымға ие болып келе жатыр деуге болады. Аталған процеске қатысушылардың реакциясын бағалай отырып, іс-шараның жақсы профилактикалық әсері болғаны байқалды деуге болады. Себебі әрбір жас адам заң алдындағы жауапкершілігін сезінуі, білуі керек. Сондықтан, әрине, бірінші кезекте сот орындарымен келісе отырып, мұндай шараларды, кездесулерді студент жастардың арасында өткізуді практикадан өткізіп тұруға болады деп санаймыз. Бұл ретте, жоғары оқу орындары тек қана өткізу орнын беруді ғана қамтамасыз етеді, ал үкімді шығару, оны хабарлау, кемсітушілік болып саналу немесе саналмауына баға беру тікелей сот орындарының жауапкершілігінде, - деп түсіндірді ол Halyq Uni тілшісіне. 

ЗАҢДЫ ЕКЕНІ БЕЛГІСІЗ

Сарапшылар халықаралық адам құқықтары стандарттарының да бұл мәселеде ашықтықты жақтайтындығын айтады. Дегенмен мұндай тәжірибенің қаншалықты заңды екені белгісіз. 

Мұндай әдіс тәжірибеде бар ма дегенге келетін болсақ, иә, ол Қазақстанда бар. Бірақ бұл қаншалықты заңды екені белгісіз. Осыған байланысты Қылмыстық іс жүргізу кодексінде «Басты сот талқылауы соттың қалыпты жұмысын және процеске қатысушылардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн жағдайларда өтедi» деген жалғыз бап бар (345-бап). Яғни, заңда көшпелі сот отырысын өткізуге мұндай тыйым жоқ. Шамасы, дәл осы мақсат – болашақта осыған ұқсас қылмыстардың алдын алу мақсатында көшпелі сот отырысы өткізілген болуы керек, - дейді Адам құқықтары жөніндегі сарапшы Татьяна Чернобил. 

Айта кетелік, қоғамдық жазалау дәстүрі ортағасырлардан бері жалғасты. Билік тұрғысынан мыңдаған адамдардың алдында айыптыны жазалау тәрбиелеудің құралы деп саналды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама