«Монолитшілер жұмыссыз қалмасын деп...» Астанада сот шешімімен тоқтатылған құрылыс соңғы қабатына жетті
Іс қазір апелляциялық шағым сатысында
Астана сот шешімімен тоқтатылуға тиіс құрылыс әлі жалғасып жатыр. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты 14 маусымда «Nagoya» ЖШС және «Meravi» ЖШС-лардың сол жер телімдерін жалдау шарттарын жарамсыз деп таныған еді. Дегенмен «Astana» ӘКК» АҚ апелляциялық шағым беріп, іс Астана қаласының сотының қарауына түскен. Соған байланысты сот шешімі әлі заңды күшіне енбеген.
«Әділдік жолы» РҚБ Астана қаласы филиалы көтерген еді. Филиал басшысы Дархан Құлжамбековтің айтуынша, құрылыс алаңы 14 мың шаршы метрден асатын жаңа ғимараттың қаңқасы бүгінде бітуге қараған. Қазір соңғы қабаты құйылып жатыр. Құрылыс құжаты бойынша 6 қабатты ғимаратта сауда және кеңсе орындары болады.
Бас мердігер компания басшысы Бірімжан Кизбикеновтің айтуынша, қазір тек бетоны ғана құйылып жатыр. Қабырғасының кірпішін қалау, терезелерін орнату, сыртын жабу сынды жұмыстарын тоқтатылған.
Оның құрылысы өте күрделі. Ондағы монолит бригадалары соны істеп үйренді. Қазір ол жұмысшыларды жіберіп, кейін қайта бастайтын болсақ, ол жерге келмей қояды. Басқалары келсе, олар сызбаны түсініп болам дегенше, арматураларын қалай байлауды үйренгенше көп уақыт өтіп кетеді. Сондықтан монолит құюшылар жұмыссыз қалмасын деп ақырын ғана жалғастырып жатырмыз. Өзі 15 шақты адам. Кірпіш қалаушылар жұмыс таба алар, бірақ бұларға қиын, - дейді ол.
Айта кетейік, жер телімінің ресми мекенжайы: Қабанбай батыр, 32/1. Қарапайым тілмен айтсақ, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дәл алдында тұр.
Құжаттарға қарағанда, алдымен қала әкімдігі бұл жер телімдерін ASTANA ӘКК-на уақытша қолдануға берген. Сөйтіп, корпорация ол жерлерге паркинг пен тұрғын үй кешенін салдыра бастайды.
Ал кейінгі тексеру қорытындысы бойынша, ол жерлер қала әкімінің қаулысымен инвестициялық жоба жүргізу үшін берілген болып шыққан. Алайда заң бойынша жер телімдері аукцион, конкурссыз берілмеу керек. Оның үстіне, паркинг пен тұрғын үй кешені инвестициялық жобаға жатпайды.
Ақырында Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы мен ASTANA ӘКК арасындағы осы екі жер теліміне қатысты келісімшарттардың күшін жою туралы шешім шығарды.
Демек, онда салынып бастаған құрылыс нысандары да қиратылуы керек.