×

«25 қауіпсіз жер бар»: Депутаттар елордадағы бомбапана мәселесін көтерді

Сиренамен хабарлау жүйесі қаланың кейбір бөлігінде жоқ

 Айнұр Шошаева 03.10.2023 | 09:30
Фото: caravan.kz

Астана әкімдігі қала аумағындағы бомбадан қорғанатын қауіпсіз жерлердің барлығына тексеру жүргізді, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Ірі кәсіпорындар өзінің аумағындағы бомбапаналарға қалдық принципімен қарайды. Мен осы қалада ұзақ уақыт тұрамын, бірақ ол жерлердің қайда екенін білмеймін. Жақында Ташкентте әуежайдың маңында  жарылыс болғанын көрдік. Қазір әлемде болып жатқан қауіп қатерлерді көріп отырғандықтан, бұл өзекті мәселе. Құдай сақтасын, бір жағдай бола қалса, ол жерлерге эвакуациялау туралы хабар халыққа қалай жеткізіледі? Мысалы, Жапонияда жер сілкінісі болса, әр адам өзіне жақын бомбапананың қайда екенін біледі», - деді Астана қалалық мәслихатының депутаты Қанат Ибраев ТЖ алдын алу шараларын қолдану мәселесі бойынша кезекті сессияда. 

Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті басшысының бірінші орынбасары Дамир Ермағамбетовтың мәліметінше, хабарлау жүйесі бойынша қызмет көрсететін мердігер жұмысты толық істемеген. Нәтижесінде қазір департамент ол мердігермен соттасып жатыр.  

Бомбапаналардың орналасқан жері бойынша мәліметтер бар, бірақ оларды жария түрде айта алмаймын, жазбаша түрде бере аламын. Хабарлау жүйесі бойынша қалада 2019 жылдан бері жұмыс істеліп келеді. Бұған дейін қаржы бөлінді. Бүгінгі күні жұмысын адал істеп, аяқтай алмаған мердігермен сот процесі жүріп жатыр. Сондықтан қазір әуе қорғанысындағы сиренамен хабарлау жүйесі қаланың кейбір бөлігінде жоқ. Оны мойындауымыз керек. Қазір заңгерлер жұмыс істеп жатыр. Ескі жұмыс аяқталмағандықтан, қала бюджетінен жаңадан қаржы ала алмаймыз, - деді ол. 

Астана әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаев қалада қауіпсіз жерлердің жеткілікті екеніне сендірді.  

Коммуналдық меншіктегі нысандарға қатысты, Активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасы қолданыстағы барлық бомбапанаға мониторинг жүргізді. Бүгінгі күні 25 бомбапана жарамды екені анықталды. Олардың құжаттары әзірленіп, Азаматтарға арналған үкіметте тіркеліп, Азаматтық қорғанысты қамтамасыз ету орталығына берілді, - деді Ерсін Өтебаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама