Halyq Uni логотип
×

Ұлттық сараптама орталығы төрағасының бұрынғы орынбасарына сот үкімі шықты

Жетісу облысындағы филиалдың директоры болған Асхат Манкеев 22 млн теңге айыппұл төлейді

 Айгерім Таубай 27.09.2023 | 17:20
Ұлттық сараптама орталығы төрағасының бұрынғы орынбасарына сот үкімі шықты
коллаж: Halyq Uni

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Денсаулық сақтау министрлігінің лауазымды қызметкерлеріне сот үкімі шықты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Сот Жетісу облысындағы Ұлттық сараптама орталығының директоры болған Асхат Манкеевті қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі – 367-бабы 2-бөлігі («пара беру») бойынша кінәлі деп тапты. Ол 22 млн теңге айыппұл төлейді. Манкеев өмір бойы мемлекеттік қызмет және судья қызметін атқара алмайды. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органда, Ұлттық банк пен оның ведомстволарында да жұмыс істей алмайды.

Ұлттық сараптама орталығы төрағасының бұрынғы орынбасары Сәдуақас Байғабылов қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігі 3-тармағы («алаяқтық») бойынша кінәлі деп танылып, 1,5 жылға бас бостандығы шектелді.

Ол үш жыл мемлекеттік қызметте басшылық қызмет атқара алмайды. Сондай-ақ үш жыл бойы мемлекеттік ұйымдарда еңбек ете алмайды.

Сотталғандар сот үкіміне қатысты 15 күн ішінде Астана сотына апелляциялық шағым түсіре алады. 

Айта кетейік, сотталғандардың үстінен арызды бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі және елдің бас санитар дәрігері болған Ерлан Қиясов жазған. Қиясов қазір денсаулық сақтау министрлігіне қарасты санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Ұлттық сараптама орталығының басқарма төрағасы қызметін атқарады. 

Қылмыстық іс барысында Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында Асхат Манкеев қызмет бойынша ауысу мақсатымен өзінің басшысы Сәдуақас Байғабыловқа ақша бергені анықталғанын хабарлады.

2023 жылдың 22 тамызында өткен сот отырысына Ерлан Қиясов куәгер ретінде қатысты

Биыл 3 ақпанда Асхат Манкеевпен телефон арқылы сөйлестім. Әңгіме барысында 5 мың доллар туралы айтты. Содан кейін қандай ақша және қандай жағдай туралы айтып жатқанын нақтыладым. Ол «өз орынбасарыңыздан сұраңыз» деп жауап берді. Сол әңгімеден кейін өзімнің орынбасарым Сәдуақас Байғабыловты шақырып, Манкеевтің не туралы айтқанын сұрадым. Ол хабары жоқ екенін, ақша алмағанын айтты. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты заңға сәйкес, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне, яғни басшылыққа хабар беруім керек екенін жеткіздім. Комитет төрағасымен сөйлескеннен кейін жауапты органға жүгіну туралы шешім қабылданды, - деді Қиясов.

Қиясов өзінің үш орынбасары бар екенін нақтылады. Айтуынша, Манкеев телефон арқылы сөйлескен кезде Сәдуақас Байғабыловтың атын атаған. Қиясов 4 ақпанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне арызданған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама