Автомобильдер бетпе-бет соқтығысқан
Батыс Қазақстан облысында көлік апатынан 4 адам көз жұмды, деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Қайғылы оқиға 22 қыркүйекте сағат 12:00 шамасында «Орал-Кирсанов» тасжолында болған.
«ВАЗ-2112» және Lada Granta бетпе-бет соқтығысқан. Салдарынан екі көліктің жүргізушілері және Lada Granta-дағы 2 жолаушы, барлығы 4 адам оқиға орнында жан тапсырған. Lada Granta көлігінде отырған тағы бір жолаушы ауруханаға жатқызылды, - деп жазылған хабарламада.
Тіркелген дерек негізінде Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі («Көлiк басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Бұған дейін Батыс Қазақстан облысында көлік апатынан 6 адам қаза тапқан еді. Жүргізуші жолда қалғып кеткен.