Тексеру нәтижесі бойынша шаралар қабылданбақ
Білім және ғылым министрлігі Алматыдағы «Мәриям» жекеменшік ұйымын тексеруге қатысты мәлімдеме жасады.
«Кеше БҒМ балалар құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев пен балалар құқықтары жөніндегі штаттан тыс кеңесші Раиса Шер «Мәриям» ұйымында оқитын 1-сынып оқушысына қатысты мән-жайды зерттеу үшін Алматыға барған болатын. Олар оқушының отбасына барды. Балаға психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Сондай-ақ комитет қызметкерлері Алматы қаласының құқық қорғау органдары өкілдерімен кездесті. Қазір қалалық полиция департаменті тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр әрі зорлық-зомбылық жасалғанын анықтау үшін сараптама тағайындады», – дейді білім министрлігі.
Сонымен қатар комитеттегілер «Мәриям» әкімшілігімен және ұстаздарымен әңгімелесті.
Құрылған комиссияның тексеру нәтижесі бойынша оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыруда, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуде (бейнебақылауды қамтамасыз ету бойынша тиісті талаптарды сақтамау), қажетті санитарлық-гигиеналық талаптар құруда (сыныпта жарықтың нашарлығы, желдету жүйесінің болмауы мен т.б.) бірқатар заң бұзушылық анықталды, – дейді министрлік.
БҒМ мәліметінше, қазір тексеру жұмыстары жалғасып жатыр. Оның қорытындысы бойынша шаралар қабылданады.
Алматыда бастауыш сынып оқушысын жоғары сынып оқушылары бірнеше рет зорлаған. 1-сынып оқушысын зорлау оқиғасы: БҒМ өкілдері Алматыға барды.