×

Павлодар облысында 6 шетелдікке Қазақстанға келуге тыйым салынды

Сондай-ақ 50-ден аса адам жауапқа тартылды

 Динара Амантай 20.09.2023 | 13:02
Фото: polisia.kz

Павлодар облысында заңсыз жұмыс істеген 6 шетелдікке Қазақстанға келуге 5 жылға тыйым салынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, облыс аумағында көші-қон заңнамасы талаптарын бұзудың алдын алуға бағытталған «Мигрант» 4 күндік жедел алдын алу іс-шарасы аяқталған. Іс-шара шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдалану фактілерінің жолын кесуге арналған. Операция кезінде құрылыс мердігерінің Павлов көшесіндегі тұрғын үй кешенін салуға Өзбекстанның 8 азаматын жұмысқа тартқаны анықталды.

Шетелдіктер ӘҚБтК-нің 517-бабы 5-бөлігі («Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы») бойынша жауапкершілікке тартылды. Сот айыппұл салды. Жұмыс беруші де жазаланды. Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып, шетелдік жұмыс күші мен еңбек иммигранттарын тартқаны үшін оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 519-бабы 1-бөлігі («Шетелдiк жұмыс күшiн және еңбекшi көшiп келушілерді Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып тарту») бойынша әкімшілік хаттама жасалды.

Екі күннің ішінде полицейлер рұқсатсыз еңбек еткен 43 шетелдік азаматты, сондай-ақ оларға жұмыс берген 11 кәсіпкерді анықтап, жауапқа тартты. Облыс аумағында болудың заңды мерзімдерін бұзған 62 шетелдік анықталды. Оның алтауы бұрын елден кетуден қасақана жалтарған. Олар 5 жылға елге кіруге тыйым салына отырып, Қазақстаннан шығарылды. Жедел алдын алу іс-шарасы кезеңінде 108 шетелдік анықталды. Бәрі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның 60-ының елде болу мерзімі қысқартылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама