×

Алматыда қоғамдық орындарда түкірген 70-тен астам азамат айыппұл арқалады

Жыл басынан бері азаматтар 10 мыңға жуық хабарлама жолдаған

 Динара Амантай 18.09.2023 | 15:55
Фото: Halyq Uni

Алматыда қоғамдық орындарда түкірген 70-тен астам азамат айыппұл арқалады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, бұл әрекет ҚР ӘҚБтК-нің 434-2 бабымен квалификацияланады.

Ұсақ бұзақылықпен ұштасқан санитарлық нормаларды бұзу – осы құқықбұзушылықтарды жасаған жекелеген азаматтардың қоғамдық орындарда тәрбиесі мен өзін-өзі ұстау мәдениетінің төмендігінің жемісі саналады. Сонымен қатар қоғамды сыйламаушылық пен қоршаған ортаға менсінбеушілік танытады. Бұзушылыққа жол берген адам әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Азаматтарды тәртіпті сақтауға, заңды бұзбауға шақырамын. Қоғам бірлесе отырып, өз қаласының табиғи құндылықтары мен моральдық-мәдени келбетін сақтай алады. Ал Алматы Қазақстанның қаржы-экономикалық және мәдени орталығы ретінде тек азаматтардың көмегімен өз мәртебесін, жақсы имиджін сақтап қалуы керек, – деді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Ержан Ұзабаев.

Сонымен қатар Алматы полициясы цифрлық ақпараттық ресурстарды, оның ішінде ІІМ іске асырып жатқан «102» қосымшасы арқылы азаматтардың хабарламаларын омниканалды қабылдауды пайдалана отырып, полицияға хабарласудың баламалы тәсілдерін еске салды.

Айта кету керек, Алматы тұрғындары белсенділік танытып, заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз етуге өз үлестерін қосып жатыр. Олар қолжетімді байланыс арналарын пайдалана отырып, ұсақ құқықбұзушылықтар туралы хабарлайды. Жыл басынан бері «102» қосымшасы арқылы азаматтар 10 мыңға жуық хабарлама жолдаған. Ең жиі кездесетіні – адамдардың қоғамдық орындарда түкіруі. Алматыда полицейлер 11-15 қыркүйек аралығында қоғамдық орындарды ластаудың 257 дерегін анықтаса, оның 71-і – көшеге түкіргендер. Айыппұл сомасы – 433 мың теңге, – деді Ұзабаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама