Сот үкімімен Серік Байназаровтың бас бостандығы 5 жылға шектелді
Түркістанда облыстың бұрынғы әкімі Өмірзақ Шөкеевтен 1 млн доллар сұраған саяси технолог 5 жылға шартты түрде сотталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Сот процесі барысында Серік Байназаровтың 2022 жылдың маусымында Шымкенттегі жергілікті газетте «Трайбализм экзистенциальная угроза национальному единству казахов…» деген мақала жариялағысы келгені, алайда оған қаражаты болмағаны анықталған. Содан кейін Кентау қаласын басқарған Дәурен Махажановтың сыбайлас жемқорлыққа байланысты істі болғаны, оған сот үкімі шыққанын білген. Байназаров ақша табу мақсатында осы жағдайда пайдаланғысы келген.
Ол Махажановтың Өмірзақ Шөкеевтің тікелей басшылығында жұмыс істегенін ескерген. Кентаудың экс-әкіміне шыққан үкім заңды күшіне енген жағдайда Шөкеевтің «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңының 60-бабына сәйкес он күн ішінде отставкаға кету туралы өтініш беруге міндетті екенін пайдаланбақ болған.
Байназаров қылмыстық ниетін іске асыру үшін аса ірі көлемде алаяқтық жасау, яғни бөтеннің мүлкін алдау және сенімін теріс пайдалану жолымен ұрлауды ойлаған, - делінген қылмыстық іс материалдарында.
Осы ойын іске асыру барысында Байназаров Шөкеевтің атына бірнеше хат жазған, ол жерде Шөкеевтің қызметтен босатылуы мүмкін екенін көрсеткен. Сондай-ақ Байназаров хатында Шөкеевтің келесі жылдың көктеміне дейін қызметте қалуына көмек көрсете алатынын, тіпті зейнетке шыққанша мемлекеттік саяси лауазым атқаруға көмектесетінін айтқан. Серік Байназаров «Эгида Ш операциясының жоспары» құжатында бірнеше нұсқа ұсынған. Осы операцияға сәйкес ол Шөкеевтің атынан «Қазақстан Республикасының президенті Қ.К. Тоқаевтың тарихи миссиясы» туралы бірнеше саяси мақала жазатын болған.
Құжаттарды дайындағаннан кейін ол 2022 жылдың 25 шілдесінде Түркістан қаласына облыстық әкімдік ғимаратына келген. Шөкеевтің көмекшісімен кездесіп, облыс әкімінің жеке қабылдауында болғысы келетінін айтқан. Алайда жеке қабылдау бойынша өтініші кері қайтарылған.
Бір күннен кейін әкімдікке қайта келіп, «Құрметті Өмірзақ Естайұлы...» деп басталатын 5 бет хатты қалдырған. Хатында Шөкеевтің отставкаға кетуі және қылмыстық қудалауға ұшырау қаупі төнгенін айтқан. Араға бір күн салып Шөкеевтің көмекшісі С.Есмұханбет Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысындағы департаментіне жүгінген.
2022 жылдың 2 тамызында Өмірзақ Шөкеев Серік Байназаровпен кездескен. Кездесу барысында ол Шөкеевтен көрсететін қызметі үшін 1 000 000 долларды 5 бөліп беруді талап еткен. Мұны қағазға қарындашпен жазып көрсеткен.
5 тамызда Байназаров Шөкеевтің көмекшісімен кездескен, ол жерде облыс әкімі атынан саяси тақырыпқа 2 мақала әзірлейтінін жеткізген. Нәтижесінде президенттің Шөкеевті облыс әкімі лауазымынан босатпайтынына немесе басқа саяси лауазымға тағайындайтынына сенімді болған. Содан кейін құзырлы органмен келісілген түрде жұмыс істеген Ермұханбет Байназаровқа 30 мың доллар берген. Артынша Байназаров қамауға алынды.
Сот барысында Серік Байназаров қылмыстық құқықбұзушылық жасағанын мойындамады. Ол өзі айтқан ұсыныстың бәрін саяси технологтың қызметі деп атап, мұның заңды екенін мәлімдеді. Бұл үшін арнайы лицензия қажет емес екенін алға тартқан. Ал облыс әкімінің көмекшісінен алған 30 000 АҚШ долларды заңды деп, аванс деп қабылдағанын, алдау туралы ойы болмағанын айтты.
Жәбірленуші Шөкеев сот процесін өзінің қатысуынсыз өткізуді және Байназаровқа заң аясында жеңіл жаза тағайындауды сұраған. Сот барысында сотталушы Байназаров Шөкеевпен бетпе-бет жүздесуге өтінішхат жолдаған. Сот Шөкеевті сотқа шақырғанымен, облыс әкімі бармаған.
Нәтижесінде 2023 жылдың 14 маусымында Серік Байназаров қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу) – 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағында (алаяқтық) көрсетілген қылмыстық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталушының апелляциялық шағымынан кейін, Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы 2023 жылдың 4 қыркүйегінде бірінші инстанциядағы сот үкімін өзгертті. Осылайша Байназаров жазасын шатты түрде өтейтін болды.
Айта кетейік, 2022 жылдың 26 тамызында Өмірзақ Шөкеев қол астындағы қызметкері сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін отставкаға кетуге өтініш берді. Кентау қаласының экс-әкімі Дәурен Махажановтың қылмысы сотта дәлелденген соң мемлекет басшысы Шөкеевтің отставкаға кету туралы өтінішін мақұлдады. 2022 жылдың тамызында Дархан Сатыбалды Түркістан облысының әкімі болып тағайындалды.