×

Елімізде 11 мыңға жуық адам іздестіріліп жатыр

Сондай-ақ 2 мыңнан аса адам тергеу мен соттан жасырынған

 Динара Амантай 12.09.2023 | 09:33
Фото: old.newsroom.kz

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректері бойынша қазір 10 мың 748 адам іздестіріліп жатыр. Олардың 2 мың 176-сы – хабар-ошарсыз жоғалғандар.

Жоғалған адамдардың көп бөлігі:

  • Алматы қаласы – 287;
  • Қарағанды облысы – 221;
  • Павлодар облысы – 170;
  • Алматы облысы – 167.

Көбінесе 30-49 жас аралығындағы ер адамдар (77%) әртүрлі жағдайларда жоғалады. Үйден кетіп, оралмағандар – 1 мың 634, автокөлікпен жоғалғандар – 74, жұмыстан кетіп оралмағандар – 36 адам.

Сондай-ақ елде тергеу мен соттан жасырынған 2 мың 372 адам іздестіріліп жатыр. Іздестірілуде жүргендер негізінен 31-40 жас аралығындағы (89%) ер адамдар.

Олардың ең көп саны алаяқтық (510), ұрлық (318) және кісі өлтіру (146) дерегі бойынша:

  • Алматы қаласында (514);
  • Астана қаласында (185);
  • Шымкент қаласында (155);
  • Алматы облысында (143);
  • Қарағанды облысында (140) іздестіріліп жатыр.

Қазақстанда іздестіруді ішкі істер органдары, экономикалық тергеу қызметі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет іске асырады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама