«Жұртты адастырып, партия беделіне нұқсан келтірді»: «Ауыл» партиясы депутатты айыптаған тұрғындарға жауап қатты
Тұрғындар депуаттты жерін қайтарып бермей отырғаны үшін айыптаған еді
«Ауыл» партиясы Ақмола облысы Бауман аулы тұрғындары мен тағы бір кәсіпкердің Мәжіліс депутаты Аян Зейнуллинді айыптаған мәлімдемесіне қатысты ұстанымын білдірді. Партияның хабарлауынша, мұндай өтініш бұған дейін түскен. Соған байланысты 2023 жылғы 18 мамырда Аян Зейнуллиннің, «AiZet Farms» ЖШС өкілдерінің, «Ауыл» ХДПП-да Мәжілістегі фракциясының жетекшісі Анас Баққожаевтың Мұратбек Ахметовпен және «Бауманское-07» қатысушыларымен, контрагенттер өкілдерімен кездесуі ұйымдастырылған.
Алайда партия ұйымдастырған кездесуге кәсіпкер Мария Ибраимова алдын-ала хабарланғанымен қатыспаған.
Кездесуде «Бауманское-07» ЖШС қатысушылары (ауыл тұрғындары – ред.) Мұратбек Ахметовтің сөзін растамай, керісінше, оны және Мариям Ибраимованы жалған ақпарат берді, «AiZet Farms» ЖШС-мен өзара қарым-қатынастарын бұзуға тырысты деп айыптады. Ал «AiZet Farms» ЖШС контрагенттердің (кредиторлардың) барлық сұрағына толық жауап беріп, сот белгілеген кестеге сәйкес қарыздарды қайтару бойынша қабылданған барлық міндеттемелерді орындағанын дәлелдеп берді, - делінген хабарламада.
Бұдан басқа, кездесу қорытындысы бойынша «Ауыл» ХДПП пайшылардың құқығын қорғауға жәрдемдесу міндетін алып отыр. Осыған байланысты 2023 жылғы маусымда партия Жер ресурстарын басқару комитетіне тиісті хат жолданған. Жауабы өтініш берушілерге жіберілген.
Сондай-ақ, өзін «Ауыл» ХДПП «құрушы» деп мәлімдеген Мария Ибраимова шын мәнінде олай емес әрі ешқандай дәлелі жоқ. Сонымен қатар, қазір Мария Ибраимова партияның мүшесі емес және оның басқарушы және атқарушы органдарына ешқандай қатысы жоқ. Сайлауалды бағдарламаны қаржыландыруға қатысты: партияның сайлауалды науқанын қаржыландыру ҚР заңнамасында тыйым салынбаған тәсілдермен жүргізілді. Оның ішінде ерікті қайырымдылық пен демеушілік қаражаты да бар. А. Т. Зейнуллиннен немесе оның компанияларынан бірде-бір теңге түскен жоқ, - деп мәлімдейді партия.
Ал «AiZet Farms» ЖШС мен контрагенттер (кредиторлар) арасындағы экономикалық қатынастар сот шешімімен және Азаматтық кодекспен реттелетінін жеткізді. Хабарламаға қарағанда, бұл мәселеде Аян Зейнуллиннің тікелей қаржылық міндеттемелері жоқ. Аян Зейнуллин «Ауыл» ХДПП-дан депутаттыққа кандидат ретінде тіркелген сәтте ол заңнамада белгіленген талаптарға сәйкестігі бойынша тиісті тексерістен өтті және Орталық сайлау комиссиясы сайлауға жіберді.
Сондықтан «Ауыл» ХДПП жуырда өткен баспасөз конференциясын жұртшылық пен БАҚ-ты адастыру арқылы өзінің имиджіне нұқсан келтіру әрекеті деп бағалайды.
Айта кетейік, бірер күн бұрын өзін тұрғындардың заңгері Мұратбек Ахметов бастаған бірнеше адам баспасөз мәслихатын өткізген еді. Спикерлердің айтуынша, депутатқа тиесілі компания 4 жылдай бұрын олардың жеріне инвестиция құйып, астықпен айналыспақшы болған. Ал жұрт содан жер үлесіне қарай пайдасын алып отырмақшы болып келіскен. Алайда, тұрғындардың айтуынша, депутаттың компаниясы табыстың орнына қарызға батып кеткен. Ең қиыны, мыңдаған гектар жер банктерге кепілдікке қойылған. Енді жұрт пайда тұрмақ, жерінен де айрылып отыр.