Елордадағы құтқару оқиғасы: бүлдіршіннің терезеге қалай шыққаны белгілі болды
Тәртіп сақшылары бүлдіршіннің анасымен түсіндіру жұмыстарын жүргізді
Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті сегізінші қабаттан құлауға шақ қалған үш жастағы қыз баланың терезеге қалай шыққанын анықтады.
Полиция департаментінің мәліметінше, бүлдіршін терезенің астына жұмсақ ойыншықтар мен жастықтарды жинап, терезеге шыққан.
«Кейін карнизден қолымен ұстап, ілініп қалған. Қуанышқа орай, жақын жерден табылған батыл әрі қамқор жігіттің арқасында оқиға сәтті аяқталды», - дейді департамент мамандары.
Тәртіп сақшылары бүлдіршіннің анасымен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар олар баланы бір сәтке де жалғыз қалдырмау қажет екенін тағы еске салды.
«Ешқашан балаларды қараусыз қалдырмау керек, балалардың ашық терезелердің жанында ойнауына жол бермеу қажет. Терезе тұтқаларын алып тастаңыз немесе арнайы құлпы бар тұтқаларды қолданыңыз, терезе бекіткіштері мен құлыптарын орнатыңыз», - дейді полицейлер.
Тағы оқи отырыңыз: Марапат. Сыйлық. Пәтер: бүлдіршінді құтқарған азаматтың ерлігі ерекше еленіп жатыр (ВИДЕО)