×

Қарағандылық әйел шартты жазасын өтеп жүрсе де қылмыс жасауын тоқтатпаған

Сот оны 3 жылға бас бостандығынан айырды

 Еркеғали Болатұлы 18.08.2023 | 17:13
фото: Halyq Uni

Қарағандылық 32 жастағы әйел интернеттен тауып алған бейтаныс адамдардың жеке куәлігін пайдаланып, түрлі айла-тәсілмен жұрттың қалтасын қағып келген.

СҚО ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, ол былтырдан осы жылдың ақпанына дейін жымысқы әрекетін іске асырып келген. Атап айтқанда, интернетке төмен бағамен пәтерді жалға беретіні туралы хабарландыру орналастырып отырған. Алдын ала 10 мың теңге төлемді алған соң тұтынушылардың нөмірін бұғаттап, байланысқа шығуды доғарған. Осылайша, өңірдегі бірнеше тұрғын алаяқтың арам пиғылына алданып қалған.

Ол хабарландыруға Петропавл қаласынан да пәтерлер ұсынған. Қылмыстық істің 14 эпизодының 8-інде осы қаладағы «пәтерлер» көрсетілген.

Петропавлдық жедел уәкілдер алаяқтың әрекетін әшкереледі.

Қылмыс жасалған сәтте күдікті әйел бас бостандығын шектеу түріндегі осыған дейін берілген жазасын өтеп жүрген. Сотқа дейінгі тергеу барысында алаяқ жәбірленушілерге келтірген шығынды өтеді. Сот оны 3 жылға бас бостандығынан айырып, осы жазасының үстіне өтелмеген шартты мерзімінің 6 айын қосты, – делінген хабарламада.

Ведомствоның мәліметінше, Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 400-ден астам интернет-алаяқтық тіркелген. Оның 150-ден астамы алдын ала төлемді талап етумен байланысты.

СҚО полиция департаменті интернеттегі хабарландыруларда төмен бағамен тауарлар немесе қызметтерді ұсынып жатса, азаматтарға сақ болуды ескертеді. Алдын-ала төлемге келіспей, бейнеқоңырау арқылы сөйлесуді талап етуге кеңес береді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама