Астанада кәсіпкерлерді бопсалаған ер адам ұсталды (ВИДЕО)

Динара Амантай

Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр

Фото: Halyq Uni

Астанада кәсіпкерлерді бопсалаған ер адам ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қаржылық мониторинг агенттігінің ішкі қауіпсіздік департаменті елордалық экономикалық тергеп-тексеру департаментімен бірлесіп, өзін фискалдық органдардың қызметкері ретінде таныстырып, кәсіпкерлерді ойдан шығарылған қамқорлық үшін заңсыз сыйақы беруге мәжбүрлеген азаматты ұстады.

Жүргізіліп жатқан тергеу материалдарына сәйкес, аталған азамат кәсіпкерден моральдық қысым көрсетіп, 300 мың теңге ақша талап еткен. Бұл жайт мессенджердегі хабарлама және аудиожазбалармен расталды. Жалған қызметкер қажетті соманың екінші жартысын алу кезінде парамен ұсталды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – делінген агенттік хабарламасында.

ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес, тергеу мүддесіндегі өзге де мәліметтер жария етуге жатпайды.