BINOM филолог мұғалімдерге жұмыстан шығу туралы ұсыныс болғанын жоққа шығарды
Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Айдана Ақылбек өз еркімен жұмыстан кеткен
Астанадағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы BINOM мектебі филология бітірген мұғалімдерге жұмыстан шығу ұсынылғанын жоққа шығарды.
Бұған дейін Halyq Uni 15 жылдан бері мектепте жұмыс істеп жүрген ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мен бір жылдан бері BINOM мектебінде сабақ беретін мұғалімнің дипломы сабақ беру үшін жарамсыз деп танылғаны туралы жазды. Мұғалімдердің айтуынша, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы BINOM мектебі басшылығы оларға мектептен шығуды ұсынғанын немесе ақылы қосымша даярлаудан өту қажет деген.
Ағылшын пәнінің мұғалімі Гүлжайнар Валиханова қосымша оқуға мүмкіндігі жоқ екенін жеткізді.
Тексеріс келе жатыр, жұмыстан шығыңыздар, басқа мектепке ауыссаңыздар да «қайта даярлаудан өтті» деген қағазды сұрайды деді. Әрі қарай жұмыс істеуім үшін 350-500 мың теңге төлеп оқуым керек екен. 15 жылдан бері жұмыс істеп жүрмін. 3 балам бар, оған ақша бөліп оқи алмаймын, - дейді Гүлжайнар Валиханова.
BINOM мектептерінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Гүлжайнар Валиханова – BINOM School мектеп-лицейінің қызметкері.
Оның мамандығы 050205 «Филология», біліктілігі – филология бакалавры. Оған педагогикалық білімі болмаған соң, жоғары оқу орнынан педагогикалық қайта даярлаудан өту ұсынылған.Себебі, біліктілік санаты жоқ, - делінген мектеп ұсынған ресми жауапта.
Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Айдана Ақылбек ақылы даярлау курсын оқуға дайын екенін, алайда Еуразия ұлттық университетінің базасындағы оқуы үшін кемі 3 адам жиналуы қажет екенін айтқан еді. Мектептің хабарлауынша, Ақылбек өз еркімен жұмыстан шығып кетті.
«Университетке оқуға түскен кезде де бізге мұғалім болып жұмыс істей алатыным айтылды. Магистратураның екі түрі бар: бір жыл оқығандар мұғалім бола алмайды, екі жыл білім алса, мектепте жұмыс істей алады. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы BINOM мектебінің кадр бөлімі менің колледж бен университетте сабақ бере алатынымды, мектепте жұмыс істей алмайтынымды айтты. Алайда «осындай бұйрық, осындай құжат негізінде жұмыс істей алмайсыз» деп нақты көрсетпеді», - деген еді Айдана Ақылбек.
Айдана Ақылбектің мамандығы 5В021000 «Шетел филологиясы», біліктілігі – гуманитарлық білім бакалавры. Оған біліктілік санаты болмаған соң, жоғары оқу орнынан педагогикалық қайта даярлаудан өту ұсынылған. Бірақ Ақылбек тамызда өтініш жазып, өз еркімен жұмыстан шығып кетті, - делінген жауапта.
Алайда ресми жауапта мұғалімнің нақты қай күні жұмыстан шыққаны көрсетілмеген.
Валиханова мен Ақылбекке жоғары оқу орнынан педагогикалық қайта даярлаудан өту мүмкіндігі берілген. Мектеп тарапынан жұмыстан шығу туралы талап қойылмаған, - деп жауап берді BINOM.
Сондай-ақ филология бітірген мамандардың жұмысқа қабылданбай отырғанына қатысты да жауап берді.
Мектеп Педагог лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы Білім және ғылым министрінің 2009 жылдың 13 шілдедегі №338 бұйрығына сілтеме жасап жауап берген. Ол жерде тиісті бейін бойынша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі педагогикалық немесе техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі педагогикалық білім немесе тиісті бейін бойынша өзге де кәсіптік білім немесе жұмыс стажына талап қоймастан, педагогикалық қайта даярлығын растайтын құжат қажет екені көрсетілген.
Алайда BINOM не себепті бұл талаптың мұғалімдер 2022 жылы жұмысқа қабылдар кезде айтылмағанын, не себепті 2023 жылы жазғы демалыс кезінде хабарланғанын нақтыламады.
Ал Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақ филологиясы бойынша білім алған Жібек Құсайын мектепке жұмысқа орналаса алмай жүргенін айтқан еді. Ыбырай Алтынсарин атындағы BINOM мұғалімнің вакансия конкурсына қатысқанын растап, филология мамандығының педагогикалық ғылымдар кодына (01) сәйкес келмейтінін жеткізді.