Олар 3 млн корей воны көлемінде айыппұл төлейді
Оңтүстік Корея шекарасын заңсыз кесіп өткен қазақстандықтарға сот үкімі шықты. Бұл туралы Қазақстанның сыртқы істер министрлігі хабарлады.
2023 жылдың наурыз айында Қазақстанның екі азаматы Корея Республикасының мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өткен. 10 тамызда Инчхон қаласының аймақтық соты Қазақстанның екі азаматына қатысты сот үкімін шығарды. Сот үкімімен Қазақстан азаматтарының әрқайсысына 3 млн корей воны көлемінде (1 млн теңгеден астам) айыппұл салу, одан кейін елден депортациялау туралы шешім шығарды.
Айыппұлды сот белгілеген мерзімде (7 күн) төлей алмаған жағдайда, оларға айыппұлды өтеу үшін 30 күн жұмыс істеу мүмкіндігі беріледі.
Қазақстандық дипломаттар ҚР азаматтарына барлық қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетті. Олардың туыстарымен және жергілікті құқық қорғау органдарымен тұрақты байланыста болды, сондай-ақ сот процесіне қатысты.
24 наурызда Инчхон әуежайында паспорттық бақылауды өту кезінде Ташкенттен келген Қазақстанның екі азаматына Оңтүстік Кореяға кіруге рұқсат берілмеген. Олар депортациялауды күту үшін арнайы бөлмеге орналастырылған. Алайда түнде қазақстандықтар қашып, Оңтүстік Корея аумағына заңсыз кірген. 26 наурызда заң бұзған қазақстандықтың бірі ұсталып, 29 наурызда екінші қазақстандық кінәсін мойындап, өз еркімен берілген.